«Ертіс» тағдыры шешілетін күн туды
Павлодарлық футболшылар үшін маусым жабылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін 1 қазан күні футболдан Қазақстан чемпионатының соңғы туры ойнатылады. «Ертіс» Петропавлда жергілікті «Қызылжар» жастарымен бақ сынасады. Николай Гавриш шәкірттері Солтүстік-Шығыс конференция тобын бастап келеді. Павлодарлықтар ұпай жоғалтпаған жағдайда, келесі жылғы Бірінші лигаға жолдама алады.
Матч көрсетілімін Ломов, 38 мекенжайындағы жастар бастамаларын дамыту орталығында көруге болады. Басталуы сағат 15.00-де.
Дәл осы уақытта «Ақсу» «Астана» жастарын Ақсу қаласындағы жаңарған «Достық» стадионында қабылдайды. Бұл Қазақстан футбол федерациясының «ALAÑ» жобасының арқасында мүмкін болды.
Жаңартылған стадион өткен демалыс күндері ҚФФ президенті Адлет Барменқұлов пен Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың қатысуымен ашылды: барлық халықаралық стандарттарға сай келетін жасанды алаң және пластикалық орындықтары бар трибуналар пайдалануға берілді.
Естеріңізге сала кетейік, «Ақсу» өз алаңында матчтар өткізуі керек деген ойды бір жыл бұрын облыс әкімі Асайын Байханов айтқан болатын.