«Ертіс» футболдан Қазақстан чемпионы атанды
Клуб әзірше Екінші лигада алтын медальдарға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қорытынды турда «Ертіс» Петропавлда жергілікті «Қызылжар» жастарымен кездесті. Матчтың басында алаң иелері бес дүркін чемпионға лайықты төтеп беруге тырысты, бірақ таймның ортасына қарай павлодарлықтар ойынды өз бақылауына алды.
Александр Бовкун өкшесімен әдемі соққымен есеп ашты. Біраз уақыттан кейін лиганың үздік бомбардирі Арман Смайылов павлодарлықтардың басымдығын еселеді. Бұл «Ертіс» форвардының 19-голы. Үшінші допты айып соққысынан Жасұлан Қайыркенов соқты. Нәтижесінде 3:0 – павлодарлықтардың жеңісі.
Осылайша, қайта түлеген «Ертіс» алғашқы жылы-ақ жанкүйерлердің үмітін ақтап, келесі жылға Бірінші лигаға жолдама ала алды. Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов дәл осындай міндет қойған еді. Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстанның ең атақты клубы қаржы мәселелеріне байланысты Премьер-Лиганың ойынынан алынып тасталды. 2023 жылдың мамыр айында Асаин Байханов атақты команданы жандандыру міндетін қойды. Өткен жылдың соңына қарай клубтың жаттықтырушылары, ойыншылары мен қызметкерлері алдындағы қарыздарды өтеу алгоритмі әзірленді, клуб тарихының сабақтастығы сақталды.
«Ақсуға» келетін болсақ, Рахман Асухановтың шәкірттері жаңартылған «Достық» стадионындағы алғашқы матчта күтпеген жерден «Астана Ж» командасынан 1:6 есебімен жеңіліп қалды. Жаттықтырушылар штабы қосалқы құрам футболшыларына ойнауға мүмкіндік беріп, жартылай эксперименттік құрам шығарды.