Ертіспен портқа дейін: форум қонақтары Павлодарды өзеннен тамашалады
Қазақстан мен Ресей делегациялары форумнан кейін өзен экспедициясына шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс: достық өзені – даму өзені» II халықаралық форумының пленарлық отырысынан кейін қатысушылар бағдарламаны Ертісте жалғастырды. Делегациялар теплоходпен өзен вокзалынан Павлодар өзен портына дейін барды. Сапар барысында қонақтарға қаланың орталық жағалауы таныстырылды. Оның ұзындығы алты шақырымнан асады. Мұнда жағажайлар, айлақтар, бақылау алаңдары, демалыс орындары және балалар бассейні орналасқан.

Биыл Ertis Promenade Павлодардағы негізгі концерттік алаңдардың біріне айналды. 2026 жылғы жазғы маусымда мұнда 300-ден астам мәдени, музыкалық және ойын-сауық іс-шарасы ұйымдастырылды. Сахнада Роза Рымбаева, Raim, Sadraddin, «Ирина Кайратовна», Burito, Fly Project, Светлана Лобода және басқа да қазақстандық және шетелдік орындаушылар өнер көрсетті.

Өзен экспедициясы кезінде делегацияларға Ертіс арқылы салынып жатқан жаңа көпір де көрсетілді. Қолданыстағы автомобиль көпірі 1962 жылы салынған. Ол «Қызылорда – Павлодар – Успенка – Ресей Федерациясының шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолында орналасқан және қазіргі жүк көтерімділігі мен өткізу қабілетіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2024 жылдан бері Ертіс арқылы жаңа экстрадозды көпір салынып жатыр. Бұл – Қазақстандағы осы үлгідегі жалғыз нысан. Жобаның құны 71,4 миллиард теңгені құрайды. Төрт жолақты қозғалысқа есептелген көпірдің дайындығы 80 пайызға жетті. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Экспедиция барысында форум делегаттары экологиялық акцияға да қатысты. Олар Ертіске 1000 бекіре шабағын жіберді.

Өңірде өзенді балықтандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. 2025 жылы Ертіске 88 мың бір жылдық бекіре жіберілген. 2026 жылы салмағы ірі тағы бес мың балықты жіберу жоспарланған.
Өзен экспедициясы Павлодар өзен портында жалғасты. Осылайша форумның пленарлық отырысында көтерілген көлік, кеме қатынасы және экология мәселелері қатысушыларға Ертіс бойындағы нақты нысандар арқылы таныстырылды.