Ертіс ауданында электрик алюминий сымдарын қолды қылған
Сымдардың жалпы ұзындығы алты мыңға жуық метрді құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ертіс ауылынан 15 шақырым қашықтықта орналасқан электр беру желілерінің тіректерінен ұзындығы 5888 метр алюминий сымдары ұрланған. Жалпы келтірілген шығын сомасы 154 мың теңгеден асты. Ұрлық 12-16 қараша аралығында болғандығы анықталды.
Учаскелік полиция инспекторы Александр Нұрмағамбетов пен жедел қызметкерлердің жедел жұмысының арқасында ұрлық ашылды.
– Сымдарды ұрлаған Қызылжар ауылының 61 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам жас кезінде электрик болып жұмыс істеген. Ол электр желілерінің тіректеріне көтерілу үшін қолындағы құрылғыларды пайдаланып, тіректерге көтерілген және 46 аралықтан сымдарды кесіп, ұрлық жасағанын айтты, – дейді департаментте.
Ер адам ұрлаған мүлікті қираған үйдің қирандыларының астына жасырған.
Заттай дәлелдемелер тәркіленді. Ұрлық фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.