Ертіс ауданында мотоцикл тізгіндеген жасөспірім анықталды

Ертіс ауданында мотоцикл тізгіндеген жасөспірім анықталды
Фото: pixabay.com

15 жастағы баланың ата-анасына хаттама толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаз басталғалы тәртіп сақшылары дабыл қағып, ата-аналарды электросамокаттар мен мотокөлік құралдарын басқаратын кәмелетке толмағандарға бақылауды күшейтуге шақырып келеді. Ондағы мақсат — баланың қауіпсіздігі. Дегенмен заңды белшесінен басып, ескертуді елемейіндер азаймай тұр.

Кезекті қауіпті құқық бұзушылық Ертіс ауылында тіркелді. Патрульдік полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлері жоқ «Sonlink» маркалы мотоциклді тоқтатты. Тексеру барысында көлік тізгінінде 15 жастағы жасөспірім отырғаны белгілі болды.

Кәмелетке толмаған жүргізушінің заңды өкіліне қатысты баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды. 

Айта кетейік, жыл басынан бері ауданда осындай құқық бұзушылықтарға жол берген төрт ата-анаға ресми ескерту жасалған.

– Балаларға электроскутерлер, мопедтер, мотоциклдер және қуаты жоғары жеке мобильділік құралдарын сатып аларда жауапкершілікті ұмытпау қажет. Жүргізуші куәлігі мен басқару дағдылары жоқ жасөспірімдердің жалпыға ортақ жолдарға шығуы ауыр жол-көлік оқиғаларына және баланың өзіне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да ауыр зардап әкелуі мүмкін, – деді Ертіс ауданы полиция бөлімінің бастығы Төлеген Алпысбаев.

Полиция балалардың қауіпсіздігі – ересектердің басты міндеті екенін еске салады. Жасөспірімдердің мотоциклдер мен электркөліктерді басқаруына жол бермеңіздер. Бір сәттік ермек баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін.