«FIRST Kazakhstan 2024»: Павлодарда алғаш рет 200-ден астам оқушы роботтарын көрсетуде

«FIRST Kazakhstan 2024»: Павлодарда алғаш рет 200-ден астам оқушы роботтарын көрсетуде
Фото: Константин Шелков

Мұндай ауқымды байқау алғаш рет ұйымдастырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында білім беру басқармасы ақпараттық технология орталығының ұйымдастыруымен «FIRST Kazakhstan 2024» робототехника байқауы өтуде. Байқауға облыс мектептері мен қосымша білім беру орталықтарынан келген 43 команда келген. Бұл командалар 200-ден астам оқушыдан құралған. 

Жарыс екі кезеңнен тұрады:  «LEGO League Explore» байқауына 6-10 жас аралығындағы балалардан құрылған, 2-ден 4 балаға дейінгі команда қатыса алады. Ал «LEGO League Challenge» санатына 10-16 жасқа дейінгі қатысушылардан құралған, екі қатысушыдан сегіз қатысушыға дейінгі команда қатыса алады.

– Бұл байқаудан жеңген команда республикалық деңгейде бақ сынайтын болады. Бұл жарыс өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылуда. Республикалық деңгейден сүрінбей өткен командалар әлемдік деңгейде өнер көрсетеді, – дейді  облыстық білім беру басқармасы ақпараттық технология орталығының басшысы Елнар Өтебаев. 

Орталық басшысының айтуынша, әзірге робототехника саласында 200-ден астам оқушы қатысқан байқау әлі болмаған.