Иесі ауысқан: Павлодарда 12 адам абонементпен спорт кешеніне кіре алмаған

Барлық 12 адамның абонементтерінде қалған ақша бір млн теңгеден асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың желтоқсан айында 12 адам өңірдегі дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне бір жылға абонемент сатып алған. Алайда, бірнеше айдан кейін оларға ақылы қызмет көрсетуден бас тартқан, себебі спорт кешенінің иесі ауысқан, ал жаңа басшы бұрынғы иесі оған мұндай міндеттемелерді жүктемегенін айтқан.
Тұтынушылар клубтың бұрынғы иесіне шағым түсірген, бірақ жауап алмаған. Сондықтан өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағым жолданған.
– Бұрынғы иесінің тұтынушылардың шағымына жауап бермеуі мәселесі бойынша тексеру жүргізілген жоқ, өйткені бұрынғы орындаушы есептен шығарылған және кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайды. Департамент тұтынушылардың өтініштері негізінде көрсетілмеген қызметтер үшін ақшалай қаражатты өтеу туралы сотқа талап арыз жіберді, – дейді ведомствода.
Павлодардың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімі бойынша дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілді, барлық 12 тұтынушыға қайтарылған қаражаттың жалпы сомасы 994 957 теңгені құрады.
Еске сала кетейік, стоматологиялық қызметті сапасыз жүргізу салдарынан операция жасатуға тура келген тұрғын 500 мың теңге көлемінде материалдық және моральдік залалды өтеуді сұраған. Осыған байланысты департамент материалдық, моральдік зиянды өтеу үшін сотқа жүгіне алатынын, департамент сотқа үшінші тұлға ретінде қатыса алатыны жайлы құқығын түсіндірген.