Instagram-дағы хабарлама: Павлодарлық тұрғын алаяқтарға алданды

Instagram-дағы хабарлама: Павлодарлық тұрғын алаяқтарға алданды
Фото: Константин Шелков

Ол біріншісінде алданған ақшасын қайтарып алу үшін «заңгер» жалдаған, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылдың қараша айында үйде отырып, «Instagram» әлеуметтік желісінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ға инвестициялар салу туралы хабарландыруды көрген әйел жүгінді.

– Бұл жарнама қызығушылық тудырды, содан кейін аталған сілтеме бойынша өтіп, өзімнің сауалнамалық деректерімді тіркедім және банк картасын тіркеп, пайданы ұлғайту үшін шамамен алты миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат салдым. Содан кейін акцияларды алғаным және ешкімге шағымым жоқ екені туралы қолхат жаздым. Бірақ біраз уақыттан кейін менімен байланыста болған адам жауап беруді тоқтатты, –  деді жәбірленуші.

Ол әрі қарай ақшаны қайтаруға тырысып, алаяқтыққа қатысы бар сайтты зерттей бастаған. Ақшаны қайтару үшін оған көмектесуге келіскен адвокатқа жүгінген. Бір сағаттан кейін «заңгер» алаяқтарды тапқанын хабарлап, ақшаны қайтару үшін мемлекеттік бажды төлеуі керек екенін жеткізген. 

Әйел жалған заңгердің шарттарына келісе отырып, бір ай ішінде «заңгерге» жеті миллион теңгеден астам ақша аударған. Осыдан кейін алаяқ жоғалып кеткен.

Айта кетерлігі, тек қаңтар айында облыс аумағында алаяқтықтың 108 фактісі тіркелген.