Павлодарлық көпқабатты үйлерде неліктен муралдар салынбады?
Былтырғы жоспарда сегіз арт объект бекітілген еді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мәліметінше, балалық шақ, Ертіс өңірінің фаунасы, қала тұлғалары, оқитын ұлт және тағы да басқа тақырыптарға сегіз мурал салыну керек болған. Алайда қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан, жобалар жүзеге аспай қалды. Бұған қарамастан жеке инвестицияларды тарту арқылы Катаев көшесі, 46 және Естай көшесі, 134 мекенжайы бойынша орналасқан үйлердің қасбетінде екі мурал салынды.
Бүгінде бөлім мамандары болашақ муралдарға арналған ұсыныстарды талқылауда және қалалық ғимараттарда көрнекті тұлғалардың мерейтойларын, тарихи, киелі орындар мен мәдениетті, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы, әлеуметтік тақырыптарды бейнелеуді жоспарлап отыр.
– Қаржы жеткілікті болса, жаңа муралдар салынады. Әрбір суреттің бағасы әртүрлі, ол жұмыстың күрделілігіне, қолданылатын материалдардың сапасына және кескін жасау техникасына байланысты, – деп толықтырды бөлімде.
Эскиздер қарастырылғаннан кейін жобалар мен шығындар сметаларын әзірлейді. Одан әрі мәслихат комиссиясы бюджетті қарайды.
Еске сала кетейік, өткен жылы Павлодарда қаза тапқан өрт сөндіруші Мейіржан Аймановтың құрметіне мурал салынған болатын. Оған «Халық Қаhарманы» атағы қайтыс болғаннан кейін берілді.