Jas kenes siylygy: Павлодарда жастар үшін премия жариялануда
Бұл премия жеті номинация бойынша беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлзира Атабаева мәлім етті.
– Jas Kenes Siylygy Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен құрылған тәуелсіз жастар сыйлығы болып табылады, – дейді Гүлзира Атабаева.
Бұл премия қазақстандық қоғам үшін маңызды салаларда жұмыс істейтін, күнделікті жұмысы мен еңбек ерліктері отандастардың көпшілігі үшін жиі байқалмайтын жас мамандарға арналған.
– Конкурстық іріктеу үш кезеңде өтеді. Конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша 14 жеңімпаз анықталады. Байқаудың жүлде қоры – 14 миллион теңге, – дейді спикер.
Марапат 2024 жылдан бастап жыл сайын келесі номинациялар бойынша беріледі:
- Janqiarlyq - құқық қорғау органдарының, авариялық-құтқару қызметтерінің және қоғамдық қауіпсіздік жүйесінің өзге де ұйымдарының қызметкерлері үшін;
- Altyn jürek - орта және кіші медициналық персонал үшін;
- Önerkäsıp»- өңдеу өнеркәсібінің, тау-кен металлургия кешенінің, агроөнеркәсіптік сектордың, тамақ өнеркәсібі ұйымдарының қызметкерлері, энергетикалық сектордың және өндірістік сектордың басқа да қызметкерлері үшін;
- Bolaşaq turaly qamqorlyq - мектепке дейінгі, орта, арнайы орта білім беру мекемелерінің педагогтері, сондай-ақ мамандандырылған қызметтер көрсететін инклюзивті оқу орталықтарының қызметкерлері үшін;
- Adamgerşılık - балалар үйлерінің, қарттар үйлерінің, хоспистердің, жануарларға арналған баспаналардың және осындай әлеуметтік қызметтер көрсететін өзге де ұйымдардың қызметкерлері үшін;
- Kömek qoly - зардап шеккендерге, Қазақстанда және одан тыс жерлерде мұқтаж адамдарға ерікті көмек көрсетуді ұйымдастыруда өзін көрсеткен еріктілер үшін;
- Bızdıñ üi - коммуналдық және инфрақұрылымдық қызмет өкілдеріне, пәтер иелерінің кооперативі және мүлік иелерінің бірлестіктері қызметкерлеріне, сондай-ақ елді мекендердің өмірін қамтамасыз етуге жауапты басқа да ұйымдар үшін.
Марапаттауға Қазақстан Республикасының аумағында тұратын 35 жасқа толмаған азаматтар өтініш бере алады. Конкурсқа қатысуға өтінімді https://www.jaskenes.kz/application сайтында 2024 жылғы 18 маусым мен 21 шілде аралығында беруге болады.