Күзгі әскерге шақыру: Павлодардан 700-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтейді

Күзгі әскерге шақыру: Павлодардан 700-ден астам азамат Отан алдындағы борышын өтейді
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Шақырылушылардың әскери қызмет өтейтін орны мүмкіндігінше өз қалауы ескеріле отырып анықталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында күзгі мерзімді әскери қызметке қабылдау науқаны 1 қыркүйекте басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Биыл өңірден 734 азаматты әскер қатарына аттандыру жоспарланып отыр.

Жоспарға сәйкес, 355 адам Қазақстан Республикасының қарулы күштеріне, 240 азамат Ұлттық ұланға, 105 жігіт Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне барады. Бұдан бөлек, 25 азамат төтенше жағдайлар министрлігіне, тоғыз адам мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қуат Жақановтың айтуынша, әскери бөлімдерге бөлу жоспарын қорғаныс министрлігі мен бас штаб бекітеді.

– Бөлу жоспары бізге жоғарыдан түседі. Біз Президент жарлығы негізінде белгіленген тәртіпті орындаймыз. Шақырылушылар Павлодар облысындағы бөлімдермен қатар, Семей, Өскемен және еліміздің оңтүстік әрі батыс өңірлеріндегі әскери бөлімдерде қызмет етуі мүмкін. Бұл ретте азаматтар мен олардың ата-аналарының қалауы да мүмкіндік болған жағдайда ескеріледі. Мысалы, павлодарлық жігіт Семейде немесе Өскеменде борышын өтегісі келсе, бос орынға қарай сол жаққа жіберілуі ықтимал, – деді ол.

Биылғы науқанның ерекшелігі – Павлодар облысының тұрғындарына туған өңірінде мерзімді әскери қызмет атқаруға мүмкіндік берілетіні. Департамент мәліметінше, соңғы үш жылда мұндай жағдай болмаған. Ал көктемгі науқан кезінде 30 павлодарлық 6679 әскери бөліміне жөнелтілген.

Қазіргі көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 50 адамға артық. Соңғы үш жылда мерзімді қызметке алынатындар саны шамамен 100 адам көлемінде өзгеріп отырған.

Әскерге негізінен 18 жастан асқан азаматтар алынады. Дегенмен, оқуына немесе басқа да заңды себептерге байланысты кейінге шегерілгендер кейінгі шақырылымдарға қатысуы мүмкін. Сондықтан әскери қатарда 20-22 жастағылармен бірге 26-27 жасқа келген азаматтар да кездеседі.

Өңірде шақырылушыларды хабардар ету тәртібі де өзгерді. Енді әскери комиссариатқа келу туралы мәлімет қағаз шақыру қағазымен қатар SMS арқылы және eGov порталындағы жеке кабинетке жіберіледі.

Хабарлама немесе шақыру қағазын алған адам жергілікті әскери басқару органына келіп, медициналық тексеруден өтуі қажет. Комиссия барысында оның әскери қызметке жарамдылығы анықталады.

– Денсаулық жағдайына байланысты азаматты шақыру кейінге қалдырылуы немесе ол әскери қызметке жарамсыз деп танылуы мүмкін. Заңнамада отбасылық жағдай мен күндізгі оқу нысанында білім алу да кейінге қалдыруға негіз ретінде қарастырылған. Сонымен қатар, шақыру комиссиясына себепсіз келмегендерге заңда көзделген шаралар қолданылады. Шақыру қағазын алудан бас тартқан адам да хабарланған болып есептеледі, – деді Қуат Жақанов.

Егер шақыру қағазын жеке тапсыру мүмкін болмаса немесе азаматтың жүрген жерін анықтау қажет болса, қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер ішкі істер органдарына хабар береді. Ал белгіленген уақытта шақыру пунктіне келуге кедергі келтірген немесе азаматтың әскери қызметтен жалтаруына ықпал еткен тұлғаларға қатысты материалдар жауапкершілік мәселесін қарау үшін тиісті органдарға жолданады.

Әскери қызметке қатысты сұрақтары бар азаматтар тұрғылықты жеріндегі әскери басқару органдарына жүгіне алады. Павлодар облысының қалалары мен аудандарында осы бағытқа жауапты бөлімдер жұмыс істейді. Ал облыстық деңгейде түсіндіру жұмыстарын қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары жүргізеді.