Көлік министрлігі Павлодар мен Екібастұзды үлгі тұтады

Қос қала тәжірибесін Қазақстанның басқа шаһарлары да пайдаланбақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір тұрғындарымен кездесу кезінде ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Әлиақпаров ведомствоның Ертіс әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлетінін еске салды.
- Ертіс – сіздердің өңірлеріңіздің ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы, – дейді Мақсат Қалиақпаров. – Біздің мақсатымыз – тарихи кеме қатынасын қалпына келтіру. Біз Қытай-Қазақстан-Ресей мультимодальды транзиттік дәлізінің жобасын қолға алып жатырмыз. Ресейліктер оны толығымен қолдады, ендігі кезекте қытайлық серіктестерден қолдау күтеміз.
Жоба сәтті жүзеге асса, ұлы өзен бойындағы жүк тасымалы бастапқы кезеңде ғана жылына 2,5 миллион тоннаға дейін артады. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде жалғасуда.
Вице-министр маңызды жоба ретінде Ертіс арқылы өтетін көпір құрылысын атады. Құрылыс алаңында 60-тан астам арнайы техникамен 200-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Жағалау тіректері қазірдің өзінде дайын. Көпірдің құрылысы 2027 жылы аяқталады.
Сонымен қатар, Павлодарда әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, бұл оған бұдан да үлкен ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді.
Облысымыздың тағы бір оңды инфрақұрылымдық жағдайы – Павлодар және Екібастұз қалаларындағы теміржол вокзалдарының қайта жаңғыртылуы.
– Павлодар мен Екібастұз – үлгілі вокзалдар. Осы схема бойынша біз ел бойынша 80-нен астам вокзалды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Жалпы, біз көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытып, қазақстандықтар үшін қолайлы жағдай жасауды көздеп отырмыз, - деді Мақсат Қалиақпаров.
Еске салайық, былтыр Павлодарда вокзалдың қасбеті, жылу, сумен жабдықтау және желдету жүйелері толығымен жаңартылды. Олар фуд-корт, балалар ойын алаңын орнатып, қозғалыс мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін лифт орнатты.