Павлодар облысында өңдеу өнеркәсібіне назар басым
Осының нәтижесінде өңірдегі қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс көбейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нұркинбаев айтты.
– Ұлттық жоба бойынша грант өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету саласы, ауыл шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы, туризм, ақпарат және байланыс салалары бойынша жүзеге асты. Өңдеу өнеркәсібіне 376,5 миллион теңге бөлініп, 108 жоба жасалды,– деді Сағыныш Нұркинбаев.
Биыл грант жеңіп алған кәсіпкерлер қатарында Павлодар қаласында дамуы бірегей ұзақ жану қазандықтарын өндіретін «KEREMET», пластикалық терезе құрастыратын цех «БЕК», аяқ киім өндірісі бойынша «Саптама етік» және т.б жеке кәсіпкерлері бар.
Дәурен Тақаев ұзақ жанатын қазандықтар өндіретін бизнеке грант ұтып алды. Ол азаматтардың өмірін жайлы әрі қауіпсіз ете алатын сапалы және тиімді қазандықтар жасамақшы.
– Біз ұзақ жану қасиеті бар қазандықтарды өндірумен айналысамыз. Гранттан ұтып алынған 5 миллион теңге көлемінде қаражатқа өндірістің қуатын арттыру үшін қосымша жабдық сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қазандықтың артықшылығы тұрғын үйде сатып алушыға жайлылық пен ыңғайлылық сыйлайды. Қосымша 4 жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз, – деді «Керемет» жеке кәсіпкерлігі басшысы Дәурен Тақаев.
Оның сөзінше, грант арқылы аймақтағы экологиялық жағдайды жақсарта алу мүмкіндігі пайда болды. Бұл - қала үшін ғана емес, ел үшін маңызды іс екенін жеткізді.
Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі