Үздіктен үйрен: Павлодарлық мұғалімдер кәсіби тәжірибемен бөлісті
Оған 500-ден астам педагог қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы білім беру бөлімінің хабарлауынша, әдістемелік демалыс апталығы аясында 1-3 қараша күндері А.Байтұрсынұлы атындағы мектепте «Үздіктен үйрен»: Табысты мұғалім - табысты оқушы» атты форумы өтті.
Шарада облыстық және республикалық кәсіби байқаулардың жеңімпаздары және қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 500-ден астам мұғалімі қатысты.
Пленарлық бөлімінде функционалдық сауатты тұлғаны дамытудың маңызды факторы ретінде мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі туралы негізгі тақырыптар қарастырылып, талқыланды.
Педагог қызметінің тиімділігін бағалау: лайфхактар, тәсілдер, шешімдер, мұғалімнің үздіксіз дамуы – оның кәсібилігінің басты шарты, педагог қызметіндегі эмпатия, білім алушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудағы перспективалық-сабақтастық байланыстары тақырыбында пікірталастар ұйымдастырылды. Халықаралық деңгейдегі сарапшы мамандар, доцент пен үздік мұғалімдер спикер ретінде сөз сөйледі.
Мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарларымен өткен секцияда жаттықтырушы, қауымдастырылған профессор Анастасия Алиясова педагогикалық ұжымда психологиялық жайлылық ортаны құру жайлы айтып берді.
Форум жұмысының қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданып, қала мектептеріне жолданады.
Айта кету керек, демалыс апталығы аясында қаланың барлық мектептерінде әдістемелік сағаттар өтеді.