ҚАЗТЕСТ: Павлодарда тестілеуге өтініш қабылдау басталды
Тест қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тестілеу 5 мамыр күні электронды форматта өтеді. Өтінімдер 24 сәуір мен 3 мамыр аралығында app.testcenter.kz сайты арқылы қабылданады.
ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу төрт блоктан тұрады: тыңдалым, оқылым, жазылым және айтылым. Әр бөлім бойынша белгіленген шекті балды жинаған қатысушыларға сертификат беріледі. Жазылым мен айтылым нәтижелері тест аяқталғаннан кейін 15 жұмыс күні ішінде жарияланады.
Тестілеуге қатысу құны – 7 121 теңге. Төлем онлайн түрде жүзеге асырылады.
Айта кетейік, тестілеу Астана, Алматы, Шымкент, сондай-ақ Павлодарды қоса алғанда еліміздің 19 қаласында өтеді.
Толық ақпарат пен тіркелу тәртібі testcenter.kz сайтында қолжетімді.