Келесі жылдан бастап Павлодар облысында автодисктер толық циклмен шығарылады
Компания 2017 жылдан бері Қазақстан экономикасына сегіз миллиард теңгеден астам инвестиция салған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы арнайы экономикалық аймақта орналасқан «Вектор Павлодар» ЖШС автокөлік дисктерін өндіру көлемін арттырып, толық өндірістік циклге көшуді жоспарлап отыр.
Кәсіпорын директорының орынбасары Қуаныш Балтабаевтың айтуынша, зауыт 2017 жылы іске қосылған сәттен бастап алюминий қорытпасынан автокөлік дисктерін өндірумен айналысып келеді.

Бастапқы кезеңде кәсіпорында жергілікті мамандар болмағандықтан, кадрлар Ресей Федерациясында арнайы оқытудан өткен. Кейін олар Павлодарға оралып, өндірісті іске қосуға және дамытуға атсалысқан. Қазіргі уақытта зауыт толық кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген.
Бүгінде «Вектор Павлодар» Қазақстандағы автодиск шығаратын бірегей кәсіпорын болып саналады.
– Өндіріс көлемі айына шамамен 25 мың диск, ал жылына 300 мың дана өнімді құрайды. Өнімнің 80 пайызы Ресей нарығына экспортталса, 20 пайызы Қазақстан ішінде дилерлер мен автокәсіпорындар арқылы сатылады, соның ішінде Kaspi платформасы арқылы да таратылады, – деді Қуаныш Балтабаев.

Қазіргі кезеңде зауытта дисктер бояусыз өндіріледі. Алайда келесі жылы кәсіпорында бояу желісін іске қосу жоспарланған. Бұл толық өндірістік циклді Павлодардың өзінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Жобаның іске қосылуынан кейін өнімнің 20 пайызы толық жергілікті жерде өңделсе, қалған 80 пайызы Ресейге жөнелтіле береді. Бояу желісіне қажетті жабдықтар сатып алынып, Қазақстанға жеткізілді. Ал оны орнату жұмыстары келесі жылға жоспарланған, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары.
Зауытта қазіргі таңда 200-ге жуық диск дизайны өндіріледі. Әр модельдің шамамен 10 нұсқасы бар, бұл әртүрлі автокөлік маркаларына бейімдеуге мүмкіндік береді.
Диск жобалау және инженерлік әзірлемелер Ресейдегі мамандармен бірлесіп жүзеге асырылады. Дайын модельдер Павлодарда құйылып, сынақтан өтеді және сертификатталады. Барлық сынақтардан өткеннен кейін ғана өнім сериялық өндіріске жіберіледі.
Бүгінде зауыт 4000 шаршы метрден астам жеке өндірістік ғимаратқа көшкен. Бұған дейін кәсіпорын арендалық базада жұмыс істеген. Жаңа өндіріс орны өндірістік процестерді оңтайландырып, қуатты арттыруға мүмкіндік берген.
Компанияда 105 қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында Ресей азаматтары да бар, кейбір мамандар Қазақстанда тұруға ықтиярхат алған.