Павлодарлық гандболшы қыздар Астана мен Атырау командаларын шаң қаптырды
Ұлттық мектеп лигасының республикалық кезеңінде гандболдан еліміздің 14 командасы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, өңіріміздің атынан Павлодар қаласының № 5 мектебінің оқушылар командасы бақ сынады. Жарыс 7-8-сыныптарда оқитын қыздар арасында өтті.
Команда құрамына 7-сынып оқушылары Эвелина Заливина, Анастасия Михеева, Алина Волошина, Томирис Үйсінбаева, Аяулым Төлешева, Виктория Корнева, Ульяна Мекшун және 8-сынып оқушылары Анастасия Демиденко, Кристина Секрета, Милена Колосова енді.
Жарыс қорытындысы бойынша павлодарлық гандболшылар Астана қаласы мен Атырау облысының командаларынан озып шығып, бірінші орынды жеңіп алды.
Айта кету керек, мектептің жасөспірімдер құрама командасын Ризагүл Мұқанова жаттықтырады. Жаттықтырушының командалары 2022 жылы Түркістан облысында өткен 5-6-сыныптар арасында республикалық Ұлттық мектеп лигасында баскетболдан 2-орын және Павлодар қаласында 3-орындарды иеленді. Сонымен қатар, облыстық жарыстардың жеңімпаздары болып табылады.