Павлодарлық баскетболшылар Қазақстан чемпионаты көшбасшыларының бірімен ойнады
«Ertis» БК өз алаңында «Astana Tigers-KazATU» командасын қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық лига чемпионатының екінші командасы бірден ойын тізгінін қолға алды. Физикалық тұрғыдан да, шеберлік жағынан да басым астаналық қыздар алаң қожайындарын қыспаққа алды. Мұның бәрі алғашқы ширек есебінде көрініс тапты – 19:5 «Astana Tigers-KazATU» пайдасына.
Алайда павлодарлықтар да қарап қалмады. Шабуылдарды бастаумен болған Ксения Әбдірашитова мен сол шабуылдарды аяқтауға тырысқан Валерия Капитонова тәуір ойнады. Қарымта шабуылдар кезінде шапшаң жас Шакира Валиеваның жылдамдығы үлкен көмек болды. Павлодарлықтар күшін сала тартысты. Кейде физикалық әлеует жетіспесе, енді бір сәттерде сәттілік серік болмады – доп себетке түспей қойды.
Дегенмен, астаналықтардың шеберлігі қылаң берді. Нәтижесінде 70:39 есебімен «Astana Tigers-KazATU» жеңіске жетті.
- Қарсылас өте күшті. Алайда бізде де жақсы қасиеттер бар, оларды күшейтуге тырысудамыз. Бұл ойын қай бағытта жұмыс істеу керектігіміз туралы ақпарат берді. Қыздарымыз жарады, барынша тырысты. Әзірше физикалық әлеует жетіспей тұрғаны, - деді «Ertis» БК бас бапкерінің көмекшісі Артем Куринной.
Келесі матчты «Ertis» өз алаңында 23 қарашада өткізеді. Қарсылас - «Оқжетпес». Ойын 17:00-де СДЮШОР №2 алаңында (бұрынғы «Автомобилист» СК) өтеді.
Фото: автор