Кенжекөлдік көпбалалы ана Гиннес рекордтар кітабына енді

Кенжекөлдік көпбалалы ана Гиннес рекордтар кітабына енді
Фото: Отбасы архивінен алынды

Арнайы медаль Астана қаласында өткен салтанатты жиында табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақ аналары тек отбасы-ошақ қасында ғана қалып кетпей, өскелең ұрпаққа ісімен, қоғамдағы белсенділігімен үлгі болып келеді. Міне, сондай жанның бірі – Кенжекөл ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Күпән Ханафияқызы. 

Жастайынан өнерге, қолөнерге жаны құмар ару ана ұлықты ұл мен қылықты қызына тәрбие бере жүріп те қолөнермен айналысуды тоқтатқан емес. Соның ішінде тоқыма өнерінің қыр-сырын жақсы меңгерген көпбалалы ана 2023 жылдан бері «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық бірлестігінің жергілікті ұйымына мүше болып қабылданған. 

– Жоба аясында қазақ аналары ұлттық мәдени мұраны, әдет-ғұрыпты, дәстүр мен қазақ халық қолданбалы өнерін насихаттап келеді. Міне, осындай өнегелі ортада жай жүрмей, келер ұрпаққа ісімізбен үлгі бола білсек, біздің басты мақсатымыз орындалды деп ойлаймын, – дейді Күпән Ханафияқызы.

Көпбалалы ана былтыр дүниежүзілік рекордтар кітабына енген «Алып кимешек» инсталляциясына қатысқан павлодарлық 200 әженің бірі еді. Бұдан бөлек, «Ақ жаулықты аналар сәукелесі» жобасына да қатысып жүр. 

– Ұлттық қолөнерді дәріптеу мақсатында атқарып жатқан ісіміз жетерлік. Ауқымды шараларға өзіміз ғана қатысып қоймай, келер ұрпақ біліп өссін деген ниетпен қала мектептерінің 3-4-сынып оқушыларына тоқымадан дәрістер беріп жүрмін, – дейді ол.

Әріптестерінің айтуынша, он саусағынан өнер тамған Күпән Ханафияқызы тек шебер ғана емес, ән мен биге де икемі бар. Отырған ортасының сәнін келтіретін «Алтын алқа иегері» әннен шашу шашып, мың бұрала билегенде талайды таңдай қақтырады. 

Бір бойына сан өнерді жинай білген ана жуырда Астанада өткен «Global of best records» 2026 шарасына қатысып, дүниежүзілік рекордтар кітабына енгенін растайтын құжаты мен журналын, арнайы медалін алып келді. Аталмыш шара келер жылы Түркияның Стамбул қаласында өтеді деп күтілуде екен. Павлодарлық аналар да шақырту алған. 

– Менің әрбір бастамамды отбасым үнемі қолдап отырады. Кенжекөлде өткен «Біздің үйден бес келін» атты байқауға өз келіндеріммен қатыстым. Осы кезден бастап аймақтағы іскер ақ жаулықты аналардың назарына іліккен болсам керек. Содан бері талай ауқымды жобаға қатысып үлгердім. Бүгінде алға қойған мақсаттарымыз бен жоспарымыз жетерлік. Рекордттар кітабына енуіміз осы тынымсыз еңбектің арқасы деп ойлаймын. Аналармен бірігіп осы белесті тағы бір рет бағындыру ойымызда бар, – дейді көпбалалы ана.

Айта кетелік, Күпән ана 1961 жылы дүниеге келген. Отбасындағы 12 баланың екіншісі. Осындай үлкен әулеттен шыққан ананың 5 ұлы мен 2 қызы бар. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әженің жары Рахатжан Самиғаұлымен отасқанына да 45 жылға жуықтапты. 

Күпән Ханафияқызы қоғамда ұлттық өнерді насихаттайтын - үлгілі ана болса, отбасында немерелеріне тәлім-тәрбие беріп отырған - ұлықты әже.