«Халық бухгалтері» павлодарлық кәсіпкерлердің жүгін жеңілдетпек

«Халық бухгалтері» павлодарлық кәсіпкерлердің жүгін жеңілдетпек
Фото: gov.kz

Республикалық жоба жаңа Салық кодексінің қалтарыстарын түсінуге тегін мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Халық бухгалтері» республикалық акциясы – бұл жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнесті қолдауға бағытталған тәжірибелік жоба. 

Акция шеңберінде салық төлеушілер «Қазақстанның бухгалтерлер одағы және бухгалтерлік ұйымдары» кәсіби ұйымының мүшелерінен, сондай-ақ Ақсу, Павлодар және Екібастұз қалаларының мемлекеттік кірістер басқармаларының мамандарынан тегін кеңес ала алады. Аудандық басқармаларда да жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру үшін арнайы жауапты мамандар бекітілген, – деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

Акцияның алғашқы айларында, яғни қаңтар мен ақпанда «Халық бухгалтері» кабинеттері аптасына үш рет – дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 13:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал наурыз айынан бастап кеңес беру шаралары аптасына екі рет өткізілетін болады.

Жоба басталғалы бері 30-дан астам консультациялық күн өткізілді. Осы кезең ішінде үш мыңнан астам салық төлеуші мамандар көмегіне жүгініп, бес мыңнан астам сауалға жауап алды. Бұл көрсеткіштер аталған форматтың кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие екенін айқын растайды, – деді мамандар.

Ведомствода атап өткендей, көбінесе салық төлеушілер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне көшу, 2026 жылы жеке кәсіпкерлікті ашу және жабу, салық режимдері арасындағы ауысу мәселелеріне қызығушылық танытады. Сондай-ақ кәсіпкерлік қызметті қайта бастау, салық нысандарын толтыру тәртібі, экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіндегі (ЭҚЖЖ) өзгерістер, ҚҚС бойынша есепке қою және ақпараттық жүйелердің жұмысы сияқты өзекті тақырыптар жиі қозғалады.

Департамент қызметкерлерінің хабарлауынша, «Халық бухгалтері» жобасы – бұл, ең алдымен, ашық диалог және бизнеске көрсетілетін нақты тәжірибелік көмек. Мамандардың басты міндеті – кәсіпкерлердің жаңа Салық кодексінің талаптарын терең түсініп, өзгерген жағдайда кедергісіз әрі жайлы жұмыс істеуіне жағдай жасау.