Халықтың қаржылық жүктемесін азайту мәселесі Үкіметте талқыланды

Халықтың қаржылық жүктемесін азайту мәселесі Үкіметте талқыланды
Фото:ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналынан

Қазақстанда 2029 жылға дейінгі халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

 Қазақстанда «2026–2029 жылдарға арналған халық табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспар» өзектендірілді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин мәлімдеді. 

Оның айтуынша, құжат алты бағыт бойынша 59 іс-шараны қамтиды және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, сапалы жұмыс орындарын құруға және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған.

— Жаңа жоспар 2022 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан бағдарламаның орнын алмастырады және экономиканың ағымдағы сын-қатерлерін де, адами капиталды дамыту және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттерді де ескереді. Өңірлік нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізу тетігін күшейту үшін әкімдіктер халықтың табысын арттырудың өңірлік бағдарламаларын әзірледі, - деді Азамат Әмрин.

Азамат Әмрин 2022-2025 жылдары елімізде бюджет саласы қызметкерлері мен экономиканың жекелеген секторларында еңбекке ақы төлеуді арттыруға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылғанын айтты. Нәтижесінде, жалақының өсуі 1,2 млн-нан астам азаматты қамтыды. 

Атап айтқанда, әлеуметтік саладағы 38 мың қызметкердің жалақысы орта есеппен 30%-ға, 600 мың педагогтің еңбекақысы – 25%-ға, 6 мың медицина қызметкерінің жалақысы 20%-ға, азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарына жататын 600 мыңға жуық адамның еңбекақысы орта есеппен 20%-ға артты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» тобының өндірістік персоналына еңбекақы төлеудегі алшақтық қысқартылды.

Бұдан бөлек, елде 2026-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар алты негізгі бағыт бойынша 59 іс-шараны жүзеге асыруды көздейді. 

Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасарының айтуынша, олардың арасында жалақыны көтеру, инфляцияны төмендету, нақты табыстың өсуі, адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру, сапалы жұмыс орындарын ашу, салықтық және әлеуметтік шаралар, сондай-ақ борыштық жүктемені азайту және халықтың қаржылық белсенділігін жақсарту бар.

Құжаттың негізгі мақсаты – азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жеке секторды тартуды жандандыру, сондай-ақ әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мен экономикалық өсудің инклюзивті моделін қалыптастыру.

Қазақстанда еңбекақыны көтеру саясаты әлі де жалғасады.