Хасар Хабылбеков: Күн жылынғанын күтпей жолдарды жөндеу қажет
Ауа райына байланысты шұңқырларды уақытша бітеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдегендей, биыл Павлодар қаласы бойынша 14 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.
– Ол түнгі уақытта ауа райы 10 градустан жоғары жылы болған жағдайда ғана басталады. Алайда, жолдардың кейбір бөліктерін қалпына келтіру уақыт күттірмейді. Осы орайда, Павлодар қаласының әкімдігі мен мердігерлер келесідей шешімге келді: көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолдарды жедел қалпына келтіру үшін күн жылынғанын күтпей шұңқырларды жөндеуге кірісу қажет, – делінген хабарламада.
Жолдарды фрезерлеу әдісін пайдалану арқылы толыққанды орташа жөндеу жұмыстары кейін, ауа райы қолайлы болған кезде жүргізілмек. Оның ішінде қазір қалпына келтірілетін учаскелер де бар.
– Қазіргі кезде шұңқырларды бітеу жұмыстары көлік жүктемесі жоғары және көбірек тозған Назарбаев даңғылы, Толстой, Иса Байзақов, Абай, Кривенко, Қайырбаев, Исеналиев сияқты көшелерінде басталды. Одан кейін мердігерлердің жұмыс бригадалары өзге де көшелерге көшеді, – деді атап өтті қала басшысы.
Жалпы, Павлодарда биыл алғаш рет наурыз айынан бастап асфальт зауыттары іске қосылып, жолдарды жөндеу жұмыстары жылдағыдан әлдеқайда ерте басталды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram