Хасар Хабылбеков жағажай футболынан чемпион атанған «Арман» командасын қабылдады

Хасар Хабылбеков жағажай футболынан чемпион атанған «Арман» командасын қабылдады
Фото: Қазақстан футбол федерациясынан

«Арман» клубы 17-ші рет Қазақстан чемпионы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков жағажай футболынан Қазақстан чемпионатында жеңіске жеткен павлодарлық «Арман» командасын құттықтады.

Биылғы маусымда «Арман» клубы еліміздегі үздік команда екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, 17-ші рет Қазақстан чемпионы атанды. Ал «Арман-1» командасы чемпионаттың қола жүлдесін иеленді.

Қала әкімі спортшыларды жеңісімен құттықтап, бұл жетістік команда ойыншыларының, жаттықтырушылар мен клуб басшылығының қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

– Жігіттер – біздің мақтанышымыз. Бұл – команда ойыншыларының, жаттықтырушылар мен клуб басшылығының үлкен еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта да спортшыларымызға қолдау көрсетіп, жаңа жеңістерге жетуіне барлық жағдай жасайтын боламыз. «Арманға» жарқын ойындар мен жаңа чемпиондық титулдарды жеңіп алуын тілеймін, – деді Хасар Хабылбеков.

Кездесу барысында спортшылар жағажай футболын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, команда жаттығатын алаңдағы құм қабатының қалыңдығын арттыру және спортшыларға арналған киім ауыстыратын бөлмелер мәселесі көтерілді.

Жағажай футболы бойынша алаңға қойылатын талаптарға сәйкес құм қабатының тереңдігі шамамен 40 сантиметр болуы қажет. Қазіргі уақытта Павлодардағы алаңда бұл көрсеткіш шамамен 20 сантиметрді құрайды.

Қала әкімі аталған мәселелерді шешуге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, болашақта көпсалалы ірі спорт нысандарын жобалау кезінде жағажай футболы мен жағажай волейболына арналған алаңдарды қарастыру мүмкіндігі айтылды.

«Арман» клубы Павлодар спортының мақтанышы саналады. Команда ойыншылары Қазақстанның жағажай футболынан ұлттық құрамасының негізгі бөлігін құрайды. Клубтың бұл жетістіктеріне оның жетекшісі Болат Әленовтің де қосқан үлесі зор.

Кездесу соңында тараптар жағажай футболын одан әрі дамыту және спортшыларға қажетті жағдай жасау мәселелерін талқылады.

Айта кетелік, чемпионаттың бірінші кезеңіндегі матчтар Павлодарда өтті. Екінші кезең Көкшетауда, Қопа көлінің жағасында арнайы салынған аренада ұйымдастырылды.

Маусым қорытындысы бойынша бірінші орынды Павлодардың «Арман» командасы иеленді. Екінші орын Тараздың «Omega» клубына бұйырса, үшінші орын «Арман 1» командасына тиесілі болды.