Павлодарлық спортшылар екі бірдей қарсыласты тізе бүктірді
Жерлестеріміз грэпплингтен Азия чемпионатында 14 медаль ұтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Грэпплингтен облыстың аға бапкері Замирбек Әбілқадыров айтып өткендей, құрлықтық біріншілікке әзірлік үш аптаға созылды, павлодарлықтар қаладағы спортзалда дайындық өткізді. Чемпионат 4-6 мамыр аралығында Филиппин аралдарында Азия елдерінен келген 500-ге тарта спортшының басын қосты.
- Спортшыларымыз жақсы күрес көрсетті, 14 медаль ұтты: олардың жетеуі алтын, алтауы күміс және біреуі қола болды. Ендігі кезде спортшылар Астанада қазан айында өтетін әлем чемпионатына дайындалады. Әлемдік біріншілікке неғұрлым көбірек павлодарлық спортшы баратындай жағдай жасауға тырысамыз, - деді Замирбек Әбілқадыров.
Қарсыластардан өзге павлодарлықтар көзге көрінбейтін тағы бір жаумен арпалысты. Азия чемпионатының жүлдегерлерінің сөзіне қарағанда, Филиппиндегі аптап ыстық қатты әсер етті.
- Климат өте ыстық, ылғал деңгейі өте жоғары. Тропиктік климат бізег жақпады. Бір күн демалып, келесі күні жарыста жақсы нәтиже көрсеттік, - дейді екі бірдей медаль иегері Имран Мағзұм.
Он жеті жасар жауынгер но-ги жарысында күміс, ал грэпплингте алтын медаль алды. Әуелде Имран Мағзұм еркін күреспен айналысқан, артынша грэпплингті таңдап, міне бес жылдан бері осы спорт түрін серік еткен.
Кездесу соңында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Диас Жәкенов спортшыларымызға алғыс білдірді.
Өз кезегінде, «Бірлік» жекпе-жек өнерлерін дамыту дирекциясының басшысы Марат Смағұлов алдағы уақытта да бұл спортқа барынша қолдау көрсететінін қадап айтты.