«Күй ұрпақтан ұрпаққа»: Павлодар жастары неге домбыраны таңдайды
Марғұлан университетінің «Қоңыр саз» ансамблі алғашқы үлкен шығармашылық сапарын Арқалықтан бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық домбыра күні қарсаңында Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде құрылған «Қоңыр саз» студенттік фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұлттық өнерді дәріптеу жолындағы алғашқы жетістіктері айрықша аталып өтуде.
Ансамбль университет ректоры Ержан Әмірбекұлының бастамасымен биыл құрылды. Жобаның басты мақсаты – студент жастар арасында ұлттық өнерді насихаттау, қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеу және ұлттық музыкалық аспаптарға деген қызығушылықты арттыру.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Жанар Сағитова. Оның жетекшілігімен студенттер жарты жылға жуық уақыт бойы жүйелі дайындықтан өтіп, аз уақыт ішінде кәсіби деңгейде өнер көрсетуге қол жеткізді.
«Қоңыр саз» ансамблінің ерекшелігі – оның құрамында тек музыка мамандығының студенттері ғана емес, информатика, қазақ тілі мен әдебиеті, музыкалық білім беру және басқа да білім беру бағдарламаларында оқитын жастар өнер көрсетеді. Олардың арасында бұрын ұлттық аспаптарда мүлде ойнап көрмеген студенттер де бар. Соған қарамастан, табандылық пен шығармашылық ізденістің арқасында ансамбль аз уақыт ішінде өз репертуарын қалыптастырып үлгерді.
Ұжымның негізгі әрі жетекші аспабы – қазақтың қасиетті домбырасы. Сонымен қатар университет тарапынан жетіген, қылқобыз, сазсырнай, дабыл және басқа да ұлттық музыкалық аспаптар сатып алынып, ансамбльдің шығармашылық мүмкіндігі кеңейді. Бұл фольклорлық-этнографиялық бағыттағы шығармаларды орындауға жаңа серпін берді.
Ансамбльдің тұсаукесері 1 мамыр күні өтті. Бүгінде «Қоңыр саз» университеттің мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді.

Ұлттық домбыра күні мен Арқалық қаласының 70 жылдығына арналған «Күй құдіреті – домбыра мен қобыз» атты республикалық мәдени шара ансамбльдің алғашқы үлкен шығармашылық сапары болды. Делегацияны университет ректоратының жетекшісі Жанар Байсейітова бастап барды.
Екі күнге созылған мерекелік бағдарлама барысында ансамбль мүшелері шығармашылық кездесулерге қатысып, мың домбырашы мен 26 қобызшымен бірге қазақ күй өнерінің інжу-маржандары – «Алаш аманаты», Сейтектің «Тойбастар», халық күйі «Жастар», Бақытжан Әбеновтің «Желдірме», Құрманғазының «Балбырауын» және Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйлерін орындады.
Арқалықтағы өнер сапары жас музыканттар үшін үлкен шығармашылық тәжірибеге айналып, ұлттық мұраны дәріптеу жолындағы маңызды қадам болды. Ал «Қоңыр саз» ансамблі алдағы уақытта да қазақтың қоңыр үнін кеңінен насихаттап, университеттің ғана емес, өңірдің мәдени өміріне өз үлесін қосуды мақсат етеді.