«Мәңгілік классика» Павлодар филармониясының 85-ші тарихи маусымын ашты

«Мәңгілік классика» Павлодар филармониясының 85-ші тарихи маусымын ашты
Фото: Олег Градский

Облыстық филармонияның концерт залы көрерменге лық толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аншлаг, гүлге толы сахна, екі мәрте орындалған бис, бірнеше буынның басын қосқан кездесу және фойедегі ауқымды тарихи көрме – Павлодар облыстық Иса Байзақов атындағы филармония өзінің мерейтойлық шығармашылық маусымын осындай ерекше кешпен бастады.

Симфониялық оркестр 85-ші концерттік маусымның шымылдығын Вольфганг Амадей Моцарт пен Людвиг ван Бетховеннің таңдаулы шығармаларынан құралған бағдарламамен ашты.

Дирижерлік тұғырда – Диас Үсенов. Концерт залында музыка өнерінің ардагерлері, өңірдің шығармашылық зиялы қауым өкілдері, филармонияның тұрақты көрермендері мен жастар бас қосты.

Музыкалық кеш Моцарттың «Фигароның үйлену тойы» операсына арналған увертюрамен басталды. Ал екінші бөлім Бетховеннің әлемдік классиканың ең танымал шығармаларының бірі – №5 симфониясына арналды.

Моцарттың №21 концертіндегі фортепиано партиясын алматылық пианист Асқар Құлшәріпов орындады. Ол – Павлодар музыкалық колледжінің және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты.

Көрермендердің ыстық ықыласы музыканттарды сахнадан жібермеді. Әртістер екі рет биске шықты. Алдымен Асқар Құлшәріпов пен симфониялық оркестрдің орындауында Иоганн Себастьян Бахтың ариясы шырқалды. Кештің соңғы сыйы ретінде Антонин Дворжактың №8 славян биі орындалып, концерт жарқын әрі салтанатты әуенмен түйінделді. Бұл шығарма залдағы көрерменнің тағы бір мәрте қошеметіне бөленді.

– Туған қалама келіп, осындай ауқымды концертте өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе, – деді пианист Асқар Құлшәріпов.

Филармония басшысының шығармашылық жұмыс жөніндегі орынбасары Малика Катайдың айтуынша, мерейтойлық маусымның ашылуы көптен күткен ерекше оқиғаға айналды. Бұл күнді көрермендермен бірге филармонияның барлық әртістері де асыға күткен және соған тыңғылықты дайындалған.

Мерейтойлық маусымның ашылуына орай филармония фойесінде ауқымды тарихи экспозиция ұйымдастырылды. Көрменің орталығына көне чемодандар, афишалар, фотосуреттер және филармонияның музыкалық музей қорынан алынған өзге де тарихи материалдар қойылды. Экспонаттарды жинақтауға филармонияның ардагерлері мен байырғы қызметкерлері, сондай-ақ өткен буын әртістерінің ұрпақтары атсалысқан.

Еске сала кетейік, мерейтойлық маусым қарсаңында Павлодар облысының әкімі тапсырмасымен Германия, Франция, Нидерланд, Польша, АҚШ, Ресей және Жапонияда шығарылған 55 заманауи музыкалық аспап сатып алынды. Ал ұлттық аспаптарды еліміздің белгілі шеберлері жасап шығарды.

Бүгінде филармонияда 300-ге жуық кәсіби әртіс еңбек етеді. Мекеме құрамында жетекші мамандар басқаратын 10 ірі шығармашылық ұжым бар.

Жыл соңына дейін концерттік костюмдерді жаңарту және сахналық құрал-жабдықтарды жаңғырту жоспарланып отыр.

Филармония ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу де күн тәртібінде тұр. Қазіргі уақытта ғылыми-жобалық құжаттама дайын. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған.

Ал мерейтойлық маусым аясында көрермендерді жаңа мәдени жобалар, концерттік бағдарламалар, премьералар мен шығармашылық кездесулер күтеді.

Филармонияның 85-ші маусымының басты гала-концерті желтоқсан айының алғашқы күндерінде Естай атындағы мәдениет сарайында өтеді деп жоспарланып отыр.