МӘМС: Павлодарда тоғыз айда 300-ден астам жоғары технологиялық операция жасалды

МӘМС: Павлодарда тоғыз айда 300-ден астам жоғары технологиялық операция жасалды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұндай медициналық көмекті облыстық аурухана, №1 қалалық аурухана және облыстық кардиологиялық орталық көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты мақсаты – әрбір азаматтың тұрғылықты жері мен қаржылық жағдайына қарамастан, сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік жасау.

МӘМС жүйесі аясында тұрғындар профилактикалық тексерулерден өтіп, бейінді мамандардың кеңесін ала алады. Сонымен қатар, зертханалық диагностика, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, амбулаториялық ем, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және жоспарлы стационарлық емдеу қызметтері қолжетімді.

Бүгінде жүйеде жоғары технологиялық медициналық көмекке, оның ішінде күрделі әрі қымбат хирургиялық операцияларға ерекше назар аударылып отыр.

Павлодар облысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры осындай медициналық қызметтерді көрсету үшін бірқатар медициналық ұйымдармен келісімшарт жасасқан. Олардың қатарында Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, № 1 қалалық аурухана және облыстық кардиологиялық орталық бар.

Заманауи медициналық жабдықтар мен білікті мамандардың арқасында аталған медициналық ұйымдарда жүрек пен қан тамырларына күрделі операциялар жасалады. Оның ішінде қан тамырларының өткізгіштігін қалпына келтіру және оларды алмастыру бойынша хирургиялық араласулар бар.

– 2026 жылдың тоғыз айында облысымыздың стационарларында 337 жоғары технологиялық операция жасалды. Бұл – өңір тұрғындары үшін жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың нәтижесі, – дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Әсел Оқапова.

Маманның айтуынша, жоғары технологиялық медициналық көмек алу үшін пациент ең алдымен өзінің тіркелген учаскелік дәрігеріне жүгінуі қажет.

Одан кейін науқас қажетті медициналық тексерулерден, зертханалық диагностикадан өтіп, бейінді мамандардың кеңесін алады. Егер медициналық көрсетілімдер болса, емдеуші дәрігер пациенттің құжаттарын тиісті комиссияның қарауына жолдайды.

Комиссияның шешімі қабылданғаннан кейін науқасқа мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Ал жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу қажет болған жағдайда пациент ауруханаға жатқызу бюросының порталына тіркеліп, ауруының бейініне сәйкес медициналық ұйымға жіберіледі.

Қор филиалының директоры медициналық қызметтің сапасына да ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. Егер пациентке медициналық көмек сапасыз көрсетілсе немесе қажетті қызмет уақытылы ұсынылмаса, ол медициналық ұйым жанындағы пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіне алады.

Мұндай қызмет әрбір медициналық ұйымда жұмыс істейді. Сондықтан туындаған мәселені алдымен сол жерден шешуге кеңес беріледі. Егер мәселе медициналық ұйым деңгейінде шешімін таппаса, азаматтар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Павлодар облысы бойынша филиалына хабарласа алады. Байланыс телефондары: 70-41-25, 70-41-26, 70-41-23.

Еске сала кетейік, №1 қалалық ауруханада диабеттік тамыр хирургиясы орталығы мен диабеттік табан орталығы жұмысын бастады. Заманауи ангиографиялық қондырғының көмегімен дәрігерлер аяқ-қолдың қан айналымын қалпына келтіріп, ауыр асқынулардың алдын алуға және науқастардың аяқ-қолын ампутациядан сақтап қалуға мүмкіндік алып отыр.  Эндоваскулярлық және ашық тамыр операцияларының құны күрделілігіне қарай 700 мыңнан 4,5 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Алайда тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда пациенттер мұндай жоғары технологиялық медициналық көмекті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін ала алады.