Мәскеу дәрігерлері Павлодарда әріптестерін жаңа туған нәрестелерді құтқаруды үйретеді
Дәрігерлер мен акушерлерді оқыту облыстық перинаталдық орталықта өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, үш күндік цикл нәресте өлімін азайтуға бағытталған.
– Біз мұнда әлі қолданылмаған жаңашылдықтарды енгізуге тырысамыз. Қарқынды терапия мен реанимацияны, жаңа туған балаларға күтім жасауды үйретеміз. Өмірдің алғашқы бірнеше минутында балаларды өлім аузынан аман алып қалып, дені сау болуы үшін дұрыс көмек көрсету өте маңызды, – деді Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау министрлігі Солтүстік Кавказ федералды округінің бас неонатологы Алексей Мостова.
Дәрігер нәресте өлімі маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. Ресейде бұл көрсеткіш – 3,4 промилле, ал Қазақстанда – 6,4 және бұл өте жоғары көрсеткіш. Негізгі проблема – салмағы төмен шала туған нәрестелер.
– Шала туған нәрестелердің көбін оңалтып, сау ұрпақ жеткізуге болады, – дейді Алексей Мостова.
Дәрістер мен қарқынды тәжірибелерді қосқанда семинар үш күнге созылады. Ресейлік сарапшылар перинаталдық орталықтың медициналық қызметкерлерімен бірге жүрек-өкпе реанимациясын, жанама жүрек массажын, жасанды желдетуді және командалық жұмысты үйрету үшін тыныс алуды, жүректі тоқтатудың төтенше жағдайларын модельдейді.
Алексей Мостованың айтуынша, екі ел мамандарының одан әрі ынтымақтастығы туралы келіссөздер жүргізілуде. Олар тыныс алу терапиясына, неонатологиядағы ерекше өнер – механикалық желдетуге арналған жеке кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің 15 неонатологы мен медбикелер біліктілігін арттырудан өтеді. Сондай-ақ 12 павлодарлық дәрігер Санкт-Петербург пен Беларуссияда хирургия және кардиология бейіні бойынша білім алуда. Бұған облыстық бюджетте 25 миллион теңге қарастырылған.