Мәжіліс депутаты Екібастұзға қатысты мәселені көтерді
Мәжілістің пленарлық отырысында «AMANAT» фракциясының депутаты Жарқынбек Амантай премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
– Павлодар облысының Екібастұз қаласында былтырғы жылыту маусымында болған ірі апат бәрімізге сабақ және маңызды сигнал болды. Қаһарлы қыстың қақ ортасында суық баспанада қалған мыңдаған тұрғынның жай-күйін жақсы біліп отырсыз. Ел басына күн туған шақта билік тарапынан берілген уәде, айтылған жоспар көп еді. Шешуді қажет ететін өткір мәселелер әлі де аз емес, – деді Жарқынбек Амантай.
Оның айтуынша, біріншіден, 2023 жылдың ақпан-наурыз айлары үшін «Орталық-Азия электроэнергетикалық корпорациясы» акционерлік қоғамы есебінен тұрғын үйлерді жылытуға пайдаланылған электр энергиясының шығындарын өтеу мәселесін қарастыру қажет.
Екіншіден, жылу жүйесін жаңғырту бойынша жобалар бар болғанымен, қаржыландыру көзі белгісіз.
Үшіншіден, Екібастұз жылу-электр орталығының су жылыту қазандықтарын жөндеуге қаражат анықталмаған.
Жарқынбек Амантай Екібастұз қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу мүмкіндігін қарауды жеделдету мәселесін қозғады.