Маман шаяндардың Ертістегі судың тазалығын көрсететін белгі екенін түсіндірді
Дегенмен, судың тазалығына басқа да көрсеткіштер қатар жауап береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаяндар су айдындарының табиғи жолмен тазару үдерісіне қатысады. Алайда олардың болуы судың тазалығын тікелей көрсететін белгі деп айтуға болмайды. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, су айдынының жағдайы бір ғана көрсеткішпен емес, бірнеше фактордың жиынтығы арқылы бағаланады. Олардың қатарында балықтардың, ұсақ су ағзаларының және қоректік базаның жағдайы бар.
— Шаяндар ғылыми тұрғыдан судың тазалығының нақты көрсеткіші болып саналмайды. Судың тазалығы бір ғана түрге емес, бүкіл биожүйенің жағдайына байланысты. Балықтар, ұсақ ағзалар және олардың қоректік базасы да су айдынының жағдайын көрсететін маңызды факторлар, — деді Жасұлан Жұмашев.
Сонымен қатар маман шаяндардың су айдындарының табиғи жолмен тазаруында белгілі бір рөл атқаратынын түсіндірді. Олар су түбінде тіршілік етіп, ондағы органикалық қалдықтарды өңдеуге қатысады.
— Шаяндар бар жерде су айдыны біршама тазарады деген түсінік бар. Олар су түбінде тіршілік етіп, ондағы заттарды өңдейді және табиғи тазару үдерісіне қатысады, — деді ол.
Маман Павлодар облысындағы су айдындарын балықтандыру жұмыстары туралы да айтып өтті. Атап айтқанда, өткен жылдары Баянауыл ауданындағы көлдерге ақ амур, дөңмаңдай және тұқы балықтары жіберілген. Өсімдікқоректі балықтар балдырлар мен су өсімдіктерін көп мөлшерде тұтыну арқылы көлдердің шамадан тыс өсімдік басуына және батпақтануына жол бермеуге ықпал еткен.
Сонымен қатар облыстағы шаяндардың нақты саны бойынша статистика жүргізілмейді. Жасұлан Жұмашевтың айтуынша, қазіргі таңда шаяндар кәсіптік аулау және өнеркәсіптік өсіру нысандарына жатпайды.