Маралды көлінде демалыс аумағы кеңейтіледі

Маралды көлінде демалыс аумағы кеңейтіледі
Фото: Валерий Бугаев

Үш жылда турист саны алты есе артқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Маралды көлінің курорттық аймағы Павлодар облысы тұрғындары үшін ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлері мен шетелден келетін қонақтар үшін де танымал демалыс орындарының бірі саналады. Демалушыларға барлық қажетті жағдай жасалған: киіз үй қалашығы, көлеңкелі шатырлар, душ кабиналары, сауда павильондары және өзге де инфрақұрылым нысандары жұмыс істейді.

– 2025 жылы курорттық аймаққа бір маусымда 45 мыңнан астам адам келді. Ал үш жыл бұрын туристер саны небәрі жеті мың шамасында болған, – дейді Шарбақты ауданының әкімі Сержан Иманқұлов. – 2026 жылға Маралды көлінің курорттық аймағын дамытуға арналған эскиздік жоба дайындалды. Жоба аясында Жылыбұлақ ауылы арқылы көлге кіретін жол ашылып, екінші жағажай салу жоспарланып отыр. Оның ұзындығы кемінде 500 метр болады, яғни қазіргі жағалаудан кем түспейді.

Аудан басшысының айтуынша, жағалауды абаттандыру барысында заманауи материалдар қолданылып, демалыс аймағы қазіргі талаптарға сай безендіріледі.

Сонымен қатар, ауданда туристердің қызығушылығын тудыратын тағы бір маңызды нысан – Ғабдыл-Уахит Хазірет кесенесі. 2025 жылы бұл қасиетті мекенге екі мыңнан астам зияратшы барған. Кесене маңындағы қарағай алқабында орналасқан қонақ үй де абаттандырылған.

Жаз мезгілінде аудан аумағында алты туристік маршрут жұмыс істейді. Қыс айларында да демалуға келетін туристер бар. Бұдан бөлек, бұрыннан бері мектеп оқушыларына арналған үш демалыс орны қызмет көрсетіп келеді, олардың біреуі туристерді қабылдауды бастап кеткен.