Майқайың кенішіндегі апатта кінәсі дәлелденген басшылар сотталды
Сот үкімі Екібастұз қалалық сотында кесілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алты айыпталушының іс-әрекеттері ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі (Абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу) бойынша сараланды.
«Майқайың-алтын» кенішінің бұрынғы бас директоры, «Ербол» ШҚ басқарушысы Б. аталмыш бап бойынша төрт жылға сотталды. Ол ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтей отырып, екі жылға тау-кен өндіру саласындағы басшы лауазымға тағайындалу құқығынан айырылды.
«Майқайың-алтын» АҚ бұрынғы басшысының бірінші орынбасары Б. және кеніштің экс-директоры Ш. 3,6 жылға бас бостандығынан айрылды.
75 жастағы зейнеткер бұрынғы директорының орынбасарын Т. ҚР ҚК 55-бабының 4-бөлігімен тау-кен өндіру саласында 2 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза белгіленді. Ол 3 жыл пробациялық бақылауда болады. Сот оның егде жаста екенін және денсаулығының нашарлығын ескерді, сондықтан ҚР Қылмыстық кодексінде көзделгеннен гөрі жеңіл жаза қабылдады.
Кеніштің технологы Н. және инженер К. жоғарыда аталған бапта көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағандары үшін кінәлі деп танылып, үш жылға сотталды.
Сот жәбірленушілерге моральдік зиянды өтеу туралы талап қоюдан бас тартты.
Сотталушылардың тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан оң сипаттамалар, кәмелетке толмағандардың асырауында болуы, сондай-ақ, соттылықтың болмауы назарға алынды. Сонымен қатар, судья Айжан Байгоншекова сотталушылар үшін бас бостандығынан айыруға байланысты жазаны талап етпейтін жәбірленушілердің ұстанымын және оларға моральдік зиянды өз еркімен өтеуді ескерді.
Еске сала кетейік, 4 қаңтарда сағат 01:25-те «Майқайыңалтын» АҚ кенішінде жазатайым оқиға орын алды. Жүргізушісі және үш тау-кен құтқарушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлады. Олардың барлығы қайтыс болды.
2024 жылғы 18 қыркүйекте Павлодар облысының полиция департаменті ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде алты күдіктінің ұсталғаны туралы хабарлады.