Майқайың кентін кешенді қалпына келтіру туралы меморандумға қол қойылды

Майқайың кентін кешенді қалпына келтіру туралы меморандумға қол қойылды
Фото: Константин Шелков

Құжат апатты үйлерден тұрғындарды көшіру, қазандықты жаңғырту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сынды үш маңызды мәселені шешуді көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

2024 жылғы қаңтарда «Майқайың Алтын» кенішінде ірі техногендік апат орын алып, төрт адам қайтыс болды. Осыдан кейін азаматтар тұрғын үйлердің құлау қаупі бар-жоғын тексеруді сұрады. Мамандар алаңдауға негіз жоқ екенін айтты, алайда өңір басшысы Асайын Байханов жергілікті билікке инвестормен бірлесіп Майқайыңның егжей-тегжейлі жоспарлауын пысықтауды тапсырды. Соның нәтижесінде «Алтыналмас» АҚ-мен кентті қалпына келтіру туралы келісім жасалды.

– Үш проблемалық мәселе бар. Біріншісі – құрамында 76 ескі үйі бар «Шанхай» шағын ауданын көшіру. Екіншісі – жекеменшік сектордың көп бөлігі орталық жылу жүйесіне қосыла алмай отыр. Бұл – кенттен халықтың көшіп кету себептерінің бірі. Жылу энергиясын арттыру үшін жұмыс істеп тұрған қазандықты қайта жаңғырту және жаңа қазан орнату қажет болды. Бұл – қымбат жоба, оны облыстық бюджет есебінен жүзеге асыру мүмкін болмады, – деді облыс әкімі. 

Инвестор осы жылдың соңына дейін 1,2 миллиард теңгеге Шанхайдағы ескі үйлерді сатып алып, сүріп тастайды. Бұл шағын аудан санитарлық аймақтың бір бөлігіне айналады және болашақта мұнда құрылыс жүргізілмейді.

– Шаршы метрі үшін сатып алу құны орта есеппен 89 мың теңге көлемінде белгіленді. Тұрғындар ақшалай өтемақы алуды немесе жаңа үйдің салынуын күтуді таңдай алады. Жаңа үй салуды таңдағандар үшін әкімдік жер телімдерін ұсынады, – деп хабарлады Асайын Байханов.

Келесі жылы қазандықты қайта жаңғырту, жаңа қазан орнату және автономды түрде жылытылып отырған көшелерді орталық жүйеге қосу үшін жылу желілерін салу жұмыстары басталады. Инвестор жұмыс істеп тұрған екі қазандықты жаңғырту және үшіншісін орнату үшін 800 миллион теңге бөледі. 2027 жылдың күзіне қарай жоғарыда аталған жұмыстар аяқталған соң шамамен мыңға жуық абонент орталық жылу жүйесіне қосылады.

Жаңа инвестормен жасалған меморандум әлеуметтік дамуға бағытталған инвестицияларды да көздейді.

– Баянауыл ауданының әкімі соңғы үш жылда кентке бес миллиард теңгеге жуық қаржы құйылғанын баяндады. Бұл қаражат жолдарды асфальттауға, тротуарлар салуға, әлеуметтік нысандарды жөндеуге, соның ішінде ауруханаға, стадион салуға және балалар алаңдарын орнатуға жұмсалды, – деп атап өтті Асайын Байханов. 

Жаңа инвестор жергілікті қауымдастық таңдаған әлеуметтік жобаларға қаржы салады: орталық мешітті жөндеу, кенттің мерейтойын ұйымдастыруға көмек, жаңа жылу желілерінің жобалануы, кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын көтеру және әлеуметтік қолдау.

Кеніште қазіргі таңда шамамен 850 адам жұмыс істейді, ал алдағы екі жылда кен өндіру көлемінің артуына және кадр қажеттілігіне байланысты жұмыс орындарын мың адамға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сондай-ақ өндірілген шикізатты өңдеу көлемін одан әрі арттыру жоспарлануда.

Аталған жобаларды іске асыру халықтың көшіп кетуін тоқтатып, өмір сүру жағдайын жақсартып, Майқайыңның болашақтағы экономикалық өсуіне негіз қаламақ.