Май ауданында бес келі мөңке балығын аулаған тұрғын жазаланады
Павлодар облысының полицейлері табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 48 фактісін анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, материалдар сотқа жіберілді. Өңірде браконьерлік, биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымы фактілерінің жолын кесуге бағытталған «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. Полицейлер табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 48 фактісін анықтады. Оның ішінде заңсыз аң аулаудың 23 фактісі, балық аулау ережелерін бұзудың тоғыз фактісі тіркелген.
– Полиция 15 тоннадан астам заңсыз ауланған балық ресурстарын тәркіледі. Балық ресурстарын заңсыз өндірудің үш фактісі және орманда ұсақ ұрлау фактілері жойылды. Сонымен қатар бес көлік айып тұрағына қойылды, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Қуаныш Мұстафинов.
Рейд барысында полиция Кеңтүбек ауылдық округінде орналасқан су айдынында заңсыз балық аулауды жүзеге асырған Май ауданының тұрғынын ұстады. Автокөліктен қытайлық ау, резеңке үрлемелі қайық, қайықтың екі ескегі, резеңке қайықты үрлеуге арналған сорғы, жалпы салмағы бес келіден асатын мөңке балығы тәркіленді.
Құқық бұзушыға қатысты балық аулау және балық ресурстарын қорғау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік материал толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа берілді. Полиция департаменті аймақ тұрғындары мен қонақтарынан елдің табиғатты қорғау заңнамасын бұзбауды сұрайды.