Май ауданында Сәтбаевтың мерейтойына орай ғылыми конференция өтті

Май ауданында Сәтбаевтың мерейтойына орай ғылыми конференция өтті

Оқушылар зерттеу жұмыстарын қорғап, шағын қойылым көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Май ауданының білім беру бөлімінің мәліметінше, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған және ғылым күніне орай оқушылар арасында аудандық танымдық-зерттеушілік конференциясы өтті. Шараға аудан әкімі, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер және мектеп оқушылары қатысты.

Жергілікті ақын Ерлан Аманқожа қазақ тарихында ғана емес, дүниежүзінде геология ғылмының дамуына зор үлес қосқан ұлы тұлға Қанышқа арнауын орындады.

Шара темірқазық жұлдызы сияқты, алыстан жарқырап, ел болашағы үшін аянбай еңбек еткен тау тұлғаның арманын бейнелейтін Көктөбе мектебі дайындағын «Қаныштың арманы» атты шағын қойылыммен жалғасын тапты.

Конференция аясында «Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі» туралы Майтүбек орта мектебінің 10-сынып оқушысы Жансая Аманжолованың баяндамасы тыңдалды.

«Ғылымға алғашқы қадам» арнайы айдары аясында Малайсары мектебінің 4-сынып оқушылары Асылжан Бекенова мен Асмира Құсманованың «Ұлттық тағамдар физикасы» тақырыбындағы командалық зерттеу жұмысының таныстырылымы көпшілік көңілінен шықты. Қазақстан негізгі мектебінің 7-сынып оқушысы Қарақат Мустафина «Бордың адам денсаулығына кері әсері» туралы зерттеу жұмысын таныстырады.

Бұдан кейін конференция қатысушылары «Сәтбаев туралы 10 қызықты дерек» шағын фильмін тамашалады.

Конференцияға және STEAM көрме-жәрмеңкеcіне белсене қатысқан оқушыларға білім беру бөлімі тарапынан сертификаттар табысталды.