Павлодарлықтар жанкүйерлеріне «тосын сый» жасады
«Ертіс» ел чемпионатында алғашқы рет сырт алаңда ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екінші лиганың екінші турында павлодарлықтар Астанада жергілікті «SD Family» жастарына қарсы ойнап, күтпеген жерден 0:1 есебімен ұтылып қалды. Елордаға клуб басшылығының қолдауымен команданы қолдау үшін бір топ жанкүйерлер аттанды. Олар кездесудің соңғы ысқырығына дейін «Ертіске» қолдау білдірді.
Сергей Якушин шәкірттерінің Астанадағы аяқалысы бірден сәтсіздікке ұшырады. Кейбір ойыншылардың қарсылас пен жалпы бұл ойынға атүсті қарағаны байқалды.
Мысалы, бірінші тайм бойы қарсы соққан қатты желге қарамастан, команда шабуыл шебіне ұзын пастар арқылы доп жеткізуге тырысты. Доп қарсылас айып алаңына дейін бара алмай, қорғаушылардың оңай олжасына айналып жатты. Жалпы қос команда да тең дәрежеде ойнады.
Екінші таймда «Ертіс» бес дүркін чемпион екендігін қаперде ұстап алға шыққан. Онда да павлодарлықтар тым баяу қимылдап, қарсылас қақпашысының мазасын қашырды деуге аузың бармайды. Осы сәтті ұтымды пайдаланған «SD Family» жігіттері қарымта шабуылға шығып, оны шеберлікпен аяқтай білді. Голды асқан салқынқандылықпен Нұржан Ерланұлы соқты.
Қалған уақытта «Ертіс» есепті өзгертуге талпынғанымен, ойнын түзете алмады. Владимир Воменконың гол соққанын айта кету керек. Алайда ол ереже бұзылуының салдарынан есепке алынбады. Ақыры павлодарлықтардың әлсіздігін мойындауларынан басқа амал қалмады.