Май ауданының тұрғындары Илья Ильинге көкпаршы формасын сыйлады
Малайсары ауылындағы спорт нысандарының ашылуына Илья Ильин мен Мамед Ибрагимов қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Күрес түрлеріне арналған бірінші зал Малайсары орта мектебінің базасында жұмыс істейді. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Қазақстан халқына» және «Батыр боламын» қорларының қолдауымен жүзеге асырылды. Ал ауылдық мәдениет үйінде орналасқан екінші зал спорттық-жаттығу бағытында жұмыс істейді. Енді ауыл халқы фитнеспен айналысу мүмкіндігіне ие.
Қазақстан және әлем чемпионы Илья Ильин Instagram парақшасында ауыл халқына алғысын білдірді.
- Ашылу салтанатында маған 88 нөмірі жазылаған көкпаршы формасы сыйға тартылды. Май ауданының спортшылары көкпар бойынша облыс чемпиондары. Бұл – команда. Оларға жеңіс қана тілеймін. Алда халықаралық жарыстар болсын! - дейді Илья Ильин.
Малайсары жастары әлем чемпионына шеберліктерін паш етті,
Спорт залдарын салу және толық жабдықтау жұмыстары шамамен төрт айға созылды. Ғимараттардың жалпы аумағы шамамен 200 шаршы метрді құрайды. Жаттығу аймақтарынан бөлек, кешенде киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық тораптар, демалыс және спорт құралдарын сақтайтын орындар қарастырылған.
Алдағы уақытта жекпе-жек залында бокс, еркін және грек-рим күресі, таэквондо секілді спорт түрлерін дамыту жоспарлануда. Негізгі жаттықтырушылар құрамын жергілікті білікті мамандар құрайды, сондай-ақ бокс бойынша шақырылған жаттықтырушыларды тарту көзделген. Залда бір мезгілде 50 адамға дейін адам жаттыға алады.
Ауыл тұрғындарына жекпе-жекпен қатар фитнес, күш жаттығулары, жалпы дене дайындығы және тренажер залында жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылады. Балалар мен жасөспірімдер үшін сабақтар тегін, ал ересектерге қолжетімді жағдай жасалған. Залдардың жұмыс кестесі күндізгі уақытта балалар мен жасөспірімдерге, ал кешкі мезгілде жастар мен ересектерге ыңғайлы етіп ұйымдастырылған.
Май ауданында спорт инфрақұрылымын дамыту Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен жүзеге асуда. Соңғы бір жылда ауданда бассейн мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені, сондай-ақ сегіз ауылдық елді мекенде шағын футбол алаңдары халық игілігіне берілді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram