Павлодарлық 30 үздік студент ұлттық чемпионатта бақ сынасады
Білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина аймақ командасымен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Білім беру бөлімінің мәліметінше, «Алтын сақа» шығармашылық инновациялық орталығында білім басқармасының басшысы Самал Айтқазина «WorldSkills Kazakhstan – 2024» IX Республикалық чемпионатының өңірлік командасымен кездесті.
13-18 қараша аралығында «EXPO» халықаралық көрме орталығының базасында 29 құзырет бойынша «WorldSkills Kazakhstan – 2024» IX республикалық чемпионатын өткізу жоспарлануда. Павлодар облысы құрамасының қатысушылары барлық құзырет бойынша мәлімделді.
Басшы құрама командаға сәттілік тілеп, қатысушылардың әрқайсысына сенім білдірді. Ол жас мамандар өз қабілеттерін жоғары деңгейде көрсете алатынын, тәжірибе жинап, өңірдің абыройын лайықты қорғай алатынын атап өтті.
Сонымен қатар, қатысушыларға табандылық, кәсіби шеберлік және чемпионатта тамаша нәтижелер тілеп, осындай маңызды жарыста жеңіске жетуіне үміт білдірді.
Чемпионат қазірдің өзінде еліміздегі ауқымды оқиғаға айналды. Ол кадрларды даярлау, серіктестік байланыстарды құру мәселелерін талқылау бойынша білім беру және бизнес жүйесінің өкілдері үшін диалог алаңы болып табылады.
Сондай-ақ, чемпионаттың конкурстық алаңдары Қазақстанның 20 өңірі мен таяу шет елдердің өкілдерін қабылдайды, жалпы қонақтары 10 000-нан астам адамды қамтиды.
Естеріңізге сала кетейік, өңірлік құрама соңғы үш жыл ішінде еліміздегі ең мықты командалардың бестігіне кірді.
Айта кетейік, іс-шараның салтанатты ашылу рәсімі 13 қараша күні, ал жабылу салтанаты мен марапаттау рәсімі ағымдағы жылдың 18 қарашасында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» концерт залында ұйымдастырылады.