Майқайың кенішінде ауыр инженерлік техника жұмысты жалғастыруда
Барлығы 138 адам және 37 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. ТЖ орнында ауыр инженерлік техника жұмыс істеуде: үш экскаватор, екі тиегіш, екі бульдозер.
– Түні бойы және қазіргі уақытқа дейін тереңдікке өтетін жолды төсеу жұмыстары жүргізілуде. Шеттерінен топырақтың құлауы жалғасуда, – дейді департаментте.
Оқиға орнына ТЖМ, кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі республикалық орталығы, жергілікті атқарушы органдар, «Майқайыңалтын» АҚ, полиция және жедел жәрдем бөлімшелері, барлығы 138 адам және 37 техника жұмылдырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 4 қаңтар күні сағат 01:25 шамасында «Майқайыңалтын» АҚ аумағындағы технологиялық автожолда жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне автобус құлаған болатын. Көлікте шахта ауданында түтін шығару туралы шақыруға шыққан кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі республикалық орталығы Павлодар филиалының құтқарушылары болған. Төрт адамның екеуі табылды, қалған екі адамды іздеу жалғасуда.