Мектеп жабылмақ болған: Железин ауданында спорт алаңы ашылды

Нысан Кузьмино ауылында орналасқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұндай алаңдар барлық ауылдарда ашыла бермейді және жақында бұл ауылда мектеп жабылуға шақ қалған. Себебі, осыдан екі жыл бұрын жергілікті мектепте бір оқушы ғана қалған. Бір кездері тіршілігі қайнап тұрған ауыл келешегі жоқ елді мекендер санатына еніп, тұрғындар нан мен басқа да заттарды сатып алу үшін көрші ауылға баруға мәжбүр болған. Алайда ерлі-зайыпты Айжан Каркенова мен Изат Қамзин жағдайдың өзгеруіне үлес қосты.
Олар алдымен Қазақстанның оңтүстігінен көші-қон бағдарламасы бойынша көшіп келген балалары бар әйелге баспана ұсынып, жаңа жерге орналасуына көмектескен. Содан кейін өмірлік қиын жағдайға тап болған балалары бар жалғызбасты аналарды шақыруға шешім қабылдап, оларға баспана мен жұмысқа орналасуға көмектесті.
Бүгінде мектеп пен шағын орталыққа 28 бала барады. Өткен жылы мұнда дүкен ашылған, биылғы жылы ойын алаңы жөнделді. Ендігі кезекте мектепке жақын орналасқан жаңа спорт алаңы. Бұл ауыл тұрғындары үшін нағыз мереке болды. Балаларға киіз үй қойылып, дастархан жайылды.
Ауыл тұрғындарын аудан әкімі Айтұған Шайхимов құттықтады. Ал бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева мен «Отбасы және балалар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлмира Құрманғалиева сыйлықтар – спорттық форма мен кәсіби футбол доптарын әкелді. Бір допқа «Ертіс» футбол клубы ойыншыларының қолтаңбалары қойылған.