Мектепке дайынбыз: Павлодарлықтар оқу маусымына қанша ақша жұмсап жатыр?

Мектепке дайынбыз: Павлодарлықтар оқу маусымына қанша ақша жұмсап жатыр?
Фото: pexels.com/Yan Krukau

Жаздың соңғы айы – ата-аналар үшін мектепке дайындық кезеңі. Қыркүйекке санаулы апта қалғанда базарлар мен дүкендерде қызу сауда жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанда міндетті мектеп формасына қатысты жаңартылған талаптар өз күшінде қалады. Бұл туралы «Әділет» құқықтық актілер сайтында жарияланған ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына енгізілген өзгерістерде көрсетілген.

Құжатқа сәйкес, мектеп формасы классикалық стильде және ұстамды түстерде болуы тиіс. Ұсынылған түстер қатарында қою көк, сұр, қара немесе қою жасыл бар. Ашық, көзге түсерлік түстер мен артық сәндік элементтерге, сондай-ақ, діни сипаттағы белгілерге (мысалы, бас киімдер) тыйым салынған.

Ұл балалар үшін – пиджак, жейде, жилет, классикалық шалбар, суық мезгілде – жемпір мен водолазка ұсынылады.

Қыз балалар пиджак, жейде, жилет, юбка, шалбар немесе сарафан кие алады. Барлық киім оқушы жасына сай, ыңғайлы және қозғалысты шектемейтін болуы керек.

Мектеп формасының матасы табиғи немесе аралас материалдан (мақта, жартылай жүн) тігілуі қажет. Ол гипоаллергенді, денсаулыққа қауіпсіз болуы тиіс.

Форманы қайдан сатып алу – ата-ананың таңдауы. Мектептер нақты бір өндірушіні ұсынуға немесе міндеттеуге құқылы емес. Дегенмен, мектеп ішінде бірыңғай стиль мен түс ата-аналар комитетімен бірлесе отырып, жыл сайын 25 мамырға дейін бекітілуі тиіс.

Мектеп формасына оқу орнының эмблемасын тігуге рұқсат етіледі – бұл да ата-аналармен келісіледі.

Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларын мектепке дайындап жатқан ата-аналар үшін шығындар артып отыр. Павлодар қаласындағы бір отбасы екі баласын – 1-сыныпқа баратын ұлын және 3-сыныптағы қызын мектепке дайындауға қанша қаражат жұмсағанымен бөлісті. 

Ұл балаға пиджак 12 мың, шалбар 11 мың, ұзын жейде 10 500, қысқа жейде 9 500, жилет 5 мың, туфли 11 мың, спорттық костюм 23 мың, спорттық аяқ киім 14 мың, күздік күртеше 18 мың теңге болған. Барлығы 114 мың теңге. Қыз балаға арналған киімдердің бағасы да арзан емес: пиджак 15 500, белдемше 14 мың, жейде 10 мың, сарафан 13 500, кардиган 8 мың, туфли 18 мың, спорттық киім 20 мың, спорттық аяқ киім 15 мың, күздік күртеше 18 мың теңге тұрады. Барлығы 132 мың теңге. Қосымша бантик, шұлық, белдік пен галстукке 14 мың, ал кеңсе тауарлары мен мектеп сөмкесіне 50 мың теңге жұмсалған. Осылайша, екі баланы толық киіндіру үшін ата-аналар 310 мың теңге жаратқан. Бұл сомаға тек негізгі киім-кешек пен керек-жарақтар ғана кіреді. Алда тағы да қосымша шығындар болуы мүмкін. 

– Әрине, баға арзан емес. Бірақ балаларымыздың жайлы және ұқыпты жүріп, білімге ынтасы артуы үшін бар жағдайды жасауға тырысамыз. Әсіресе, бірінші сыныпқа баратын баланың көңіл-күйі өте маңызды. Мектеп – өмір жолының бастамасы, – дейді екі баланың анасы Айдана Қасымбекова.

Бір қуантарлығы, облыстық білім басқармасы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға материалдық көмек көрсету жұмыстарын жалғастыруда. Бұл көмек киім, аяқ киім немесе кеңсе тауарларын сатып алуға бағытталған.