Мемлекет басшысы: Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына баса мән беру қажет

Мемлекет басшысы: Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына баса мән беру қажет
Фото: Akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

– Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар, – деп атап өтті Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында. 

Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтетінін жеткізді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес екеніне тоқталды.

Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет, – деді Президент. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек екенін ескертті. Қазір бұл міндет негізінен «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр. Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырды.