Мемлекет басшысы бір топ журналистерді марапаттады
Олардың қатарында павлодарлық журналистер де бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысты.
– Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел Президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалады. Айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар.
Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.
Мемлекет басшысы журналистердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды.
– Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда БАҚ қызметіне қажетті жағдай жасалғанын тілге тиек етті.
Биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталатын болады.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Күшті Қазақстанды құру ісіне орасан зор үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосқан бір топ БАҚ қызметкерін мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында радиожурналистика ардагері, қайраткер Ғалия Құсайынқызы Балтабай және Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің шеф-редакторы Жассерік Жәлелұлы Сәдуақасов бар.
Ғалия Құсайынқызы Павлодар облыстық радиосының, қазіргі «Ертіс медиа» ЖШС құрамындағы «Halyq Radiosy»-ның республика көлемінде жалғыз «облыстық радио» мәртебесін сақтап қалуына бірден – бір еңбегі сіңген ардагер журналист марапаты - лайықты құрмет деп қуанамыз. «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Halyq Radiosy» дамуына өзіндік қолтаңбасын қосқан Ғалия Құсайынқызы өзінен кейінгі журналистикадағы жас буынды тәрбиелеу ісіне мол үлес қосқан қайраткер, ұстаз журналист.
«Ертіс медиа» ЖШС ұжымы медиахолдинг ардагері Ғалия Құсайынқызы Балтабайды марапатымен құттықтай отырып, денсаулық, ұзақ өмір тілейді. Жазарыңыз таусылмасын!