Қазақстанда 800 мыңнан астам әйел жолаушы арнайы вагондарды таңдады
Ережеге сәйкес, әйел жолаушылармен бірге жеті жасқа дейінгі ер балалардың жол жүруіне рұқсат етіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық тасымалдаушы пойыздарында әйелдерге арналған вагондар қызметі іске қосылғаннан бері оны 822 мыңнан астам нәзік жанды пайдаланған. Бұл көрсеткіш аталған сервистің өзектілігін және теміржол көлігіндегі жайлылық пен қауіпсіздікті жоғары бағалайтын жолаушылар арасындағы сұраныстың артқанын айқын көрсетеді.
Қазіргі уақытта әйелдер вагондары 12 бағыт бойынша қатынайды. Олардың қатарында №77/78 «Алматы – Маңғыстау», №351/352 «Алматы – Маңғыстау», №45/46 «Павлодар – Түркістан», №37/38 «Маңғыстау – Семей», №47/48 «Атырау – Астана», №33/34 «Ақтөбе – Алматы», №4/3 «Астана – Алматы», №71/72 «Астана – Шымкент», №354/353 «Астана – Семей», №24/23 «Ақтөбе – Алматы», №25/26 «Алматы – Шымкент» және №614/613 «Орал – Маңғыстау» пойыздары бар.
– Аталған вагондардың басты ерекшелігі – билеттер тек әйел жолаушыларға сатылады. Сонымен қатар бұл вагондарда әйел жолсеріктер ғана қызмет көрсетеді. Ережеге сәйкес, әйел жолаушылармен бірге жеті жасқа дейінгі ер балалардың жол жүруіне рұқсат етіледі, – делінген хабарламада.
Әйелдер вагонына билетті вокзал кассаларынан немесе bilet.railways.kz ресми сайты арқылы онлайн рәсімдеуге болады. Онлайн сатып алу кезінде билетте көрсетілген «ЖН» белгісіне назар аудару қажет, бұл таңдалған орынның әйелдер вагонында екенін білдіреді.
Билеттерді сату пойыздың жөнелтілуіне 45 күн қалғанда ашылады, бұл жолаушыларға өз сапарын алдын ала тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.