Мемлекет басшысы Павлодар облысының креативті жастарымен кездесті

Мемлекет басшысы Павлодар облысының креативті жастарымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жетістіктеріне жоғары баға беріп, еліміздің келешегі жоғары технологиялардың даму деңгейіне байланысты екенін атап өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы ҚР Президенті баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бір ғана Павлодар облысында осыншама талантты жастар бар. Сондықтан сіздер еліміздің экономикасын дамытуға елеулі үлес қосатындарыңызға ешқандай күмәнім жоқ. Мен жастарға әрдайым көңіл бөлемін. Біздің жастарымыз, ең алдымен, ұқыпты, еңбекқор, ойы ұшқыр, креативті, іскер болуы керек. Мен жастарға үлкен үміт артамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу барысында стартап-жобаның негізін қалаушы Қазбек Сағидолла Президентке баланың ақыл-ой қабілетін дамытатын Ibars-kids мобильді ойынын таныстырса, фотостудия негізін қалаушы Мәди Жетібай Президенттен өзі түсірген фотосуретке қолтаңба қалдыруын сұрады.

Бұдан бөлек, Президент аймақтық IT Hub-қа барды.

Мемлекет басшысы Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің негізінде құрылған аймақтық IT-Hub қызметімен танысты.

Мұнда ақпараттық қауіпсіздік және машина жасау саласының болашақ мамандары ІТ-нарықтағы заманауи машықтарды меңгеріп, бизнес серіктестер табады. Қала оқушыларына мектеп жасынан кәсіптік бағдар беру үшін IT Hub базасында «Робототехника», «Графикалық дизайн», «3D-прототиптеу» бағыттары бойынша курстар ұйымдастырылған. Сондай-ақ ересектерге арналған компьютерлік сауат ашу курсы бар.

Президент желілік және жүйелік басқару, 3D-прототиптеу зертханаларын, сондай-ақ металды лазермен кесу цехын аралап көріп, оқытушылармен әңгімелесті.

t.me/aqorda_resmi