Павлодарлық офицер Азия чемпионатында екі алтын медальға қол жеткізді
Қарағанды қаласында дәстүрлі «Даланың қуаты» чемпионаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
NPA Kazakhstan федерациясы ұйымдастырған «Даланың қуаты» атты VI Азия чемпионатына облыстық полиция департаментінің «Арлан» спорт кешенінің атынан ақпараттық жүйелер басқармасының бас маманы Әсел Абдраманова қатысты.
Офицер екі бірдей дисциплинада — экстремалды бицепске штанга көтеру және халықтық Hip Thrust бойынша өнер көрсетіп, екі алтын медальді қанжығалады. Сонымен қатар, ол осы жарыста спорт шебері нормативін сәтті орындады.
– Бұл өте тартысты жарыс болды. Әрбір медаль – үлкен дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі. Кез келген спортта жоғары жетістікке жету үшін барынша жинақылық пен сабыр қажет. Жарыс барысында еліміздің әр өңірінен келген спортшылармен танысып, жақсы әсер алдым. Бұл жетістік өзіме деген сенімділікті арттырып, алдағы жаттығулар мен жаңа жеңістерге ынталандырады, – дейді чемпион.
Айта кетейік, подполковник Әсел Абдраманова түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға тұрақты қатысып келеді. Ол барлық дисциплинада табандылық, төзімділік және қайсарлық танытып жүр.