Министрлік ата-анамен жұмыстың жаңа форматын әзірлеп жатыр

Министрлік ата-анамен жұмыстың жаңа форматын әзірлеп жатыр
Фото: Константин Шелков

Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар қауымдастығымен жұмыстың жаңа форматын айқындайтын тұжырымдама әзірлеп жатыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сенат депутаттарының жас туған сәбилердің арасында көру және есту қабілеті нашар балалардың көбейіп, аутимзнің жаппай таралуы, логоневроз, «Турет» синдромы сияқты дерттердің ұлт саулығына қауіп төндіріп тұрғаны туралы сауалына берген жауабында цифрлық аутизммен күрес қалай жүріп жатқаны айтылған.

«Білім беру ұйымдары отбасылық кітап оқу жұмыстарын күшейтуде, мектеп кітапханаларының қоры 2022-2023 оқу жылы 1,5 млн дана жаңа көркем әдебиетке жаңартылды», - дейді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, оқушыны жан-жақты дамытуға бағытталған «Оқуға құштар мектеп» жобасы жұмыс істеп тұр.

«Киберманияның зияны туралы мектептерде, мектепке дейінгі дайындық мекемелерінде ата-аналар комитеті, ата-аналармен жұмыс істейтін түрлі қоғамдық ұйымдар қызметін жүйелі түрде ұйымдастыруға қатысты қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі ата-аналар қауымдастығымен жұмыстың жаңа форматы тұжырымдамасының жобасын әзірлеуде», - деп жазылған жауапта.