Минус 27 градус және жасыл доп: «Ертістің» «Варзобпен» өткізген тарихи матчы
Осыдан тура 27 жыл бұрын, 1999 жылғы 19 қарашада Павлодардың Орталық стадионы ерекше халықаралық футбол оқиғасының куәсі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Азия чемпиондары кубогының екінші кезеңі аясында жергілікті «Ертіс» Душанбенің тәжікстандық «Варзоб» командасын қабылдады. Кездесу бүгінгі күннің өзінде елестету қиын жағдайда өтті: кең тараған естеліктерге сүйенсек, сол күні ауа температурасы минус 27 градусқа дейін төмендеген.
Павлодарлықтар бұл турнирге әдеттегіден тыс жағдайда қатысты. Қаржылық қиындықтарға байланысты жарыстан бас тартқан семейлік «Елімайдың» орнына «Ертіс» шақырылды. Дәл осы себеппен чемпионаттың екінші командасы саналатын екібастұздық «Батыр» да өз мүмкіндігін пайдалана алмады.
Алайда «Ертіс» бос қалған орынды жай ғана толтырған жоқ. Алғашқы кезеңде павлодарлық команда Орталық Азияның ең танымал клубтарының бірі — аты аңызға айналған өзбекстандық «Пахтакорды» күтпеген жерден оңай ұтты. Қарсылас 7:0 есебімен ойсырай жеңілді. Мұндай нәтижеден кейін қарымта кездесу іс жүзінде формальды сипат алды.
Келесі қарсылас Душанбенің «Варзобы» болды. Бұл жолы футболшыларға бір-бірімен ғана емес, нағыз сібірлік аязбен де күресуге тура келді. Кең тараған деректерге қарағанда, «Варзобпен» өткен кездесу халықаралық футбол тарихындағы ең суық матчтардың бірі болған. Ауа температурасы минус 27 градусқа дейін төмендегені айтылады. Бұл көрсеткішке сенуге толық негіз бар.
Сол кездесудің куәгерлерінің бірі — осы жолдардың авторы. Ол кезде мен «Ертіс» ОРБЖСМ-нің тәрбиеленушісі едім. Сол күні жас футболшыларға Орталық стадиондағы орындықтарды қардан тазарту тапсырылды. Жұмыс барысында қасымызға фотоаппарат ұстаған, өңдері қараторы бір топ адам келді. Бейтаныс жандар қар мен стадионды қызыға суретке түсіріп, кейін жаттықтырушы Виктор Ярышевке тіл қатты. Сөйтсек, олар Бангладештен келген төрешілер бригадасы екен. Қар олар үшін нағыз таңсық дүние болып шықты. Қонақтар көргендеріне соншалықты таңғалып, қар басқан стадионның аясында суретке түсуге қуана келісті.
Бұл күндіз болған жағдай еді. Ал кешке қарай аяз мүлде басқа сипат алды — сібірлік ескіше Павлодарға тән ызғар күшейіп, матчтың халықаралық мәртебесіне ешқандай жеңілдік жасамады. Сондықтан минус 27 градус болғанына әбден сенуге болады.
Футболшылар алаңға гамаш, қолғап, шапка киіп шықты. Ал ойын әдеттен тыс жасыл доппен өткізілді. Оның қалай пайда болғаны да бөлек әңгімеге лайық. Виктор Ярышевтің сол кезде ОРБЖСМ тәрбиеленушілеріне айтып бергеніндей, қысқы матчтарға арналған дәстүрлі қызыл доптарды бүкіл Павлодардан табу мүмкін болмаған. Сонда ол стандартты емес шешім ұсынады: кәдімгі допты қар үстінде жақсы көрінуі үшін тұрақты жасыл ерітіндімен — зеленкамен бояу керек еді. Ойлағаны жүзеге асты: қар басқан алаңда ашық жасыл доп домалап, сол бір ерекше футбол кешінің тағы бір айрықша белгісіне айналды.
Экстремалды жағдайға қарамастан, «Ертіс» қонақтарға ешқандай аяушылық танытпады. Павлодарлықтар «Варзобты» 4:0 есебімен тас-талқан етті. Кездесудің басты қаһарманы хет-трик жасаған Виктор Зубарев болды. Тағы бір голды Арамаис Епископосян соқты.
Қарымта кездесуде де павлодарлықтар басым түсті. «Ертіске» жеңіс әкелген голды Нилтон Мендес соғып, екі ойынның қорытындысы бойынша команда турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Келесі кезең Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өтті. Онда «Ертіс» лайықты ойын көрсеткенімен, жартылай финалға өте алмады. Павлодарлықтар турнир қожайындарына және ирандық «Пирузиге» жол берді.
Алайда тарих осымен аяқталған жоқ. Келесі жылы павлодарлық клуб бұл жолы турнирдің толыққанды қатысушысы ретінде Азия додасына қайта оралды. Тағы да екінші кезеңде «Варзобпен» кездесіп, душанбеліктерді тағы да жеңді және ширек финалдық топтық кезеңге шықты.
Бұл жолы шешуші ойындар Тегеранда өтті. «Ертіс» саудиялық «Әл-Иттихадты» жеңіп, «Әл-Хилал» және «Персеполиспен» екі рет 0:0 есебімен тең түсті. Осы нәтижелер павлодарлықтарға жартылай финалға жол ашты. Алайда онда қазақстандық команданың жолын жапониялық «Джубило Ивата» кесті. Қосымша уақытта жеңілген «Ертіс» финалға шығу мүмкіндігінен айырылды.
Бұл жетістіктер «Ертістің» ғана емес, бүкіл қазақстандық футболдың тарихындағы маңызды беттердің біріне айналды. Павлодарлықтардың Азия аренасындағы табыстары отандық клубтардың халықаралық беделін нығайтып, Қазақстанның футбол әлеміндегі салмақты серіктес ретіндегі имиджін қалыптастыруға ықпал етті. Кейін еліміздің УЕФА құрамына кіру мәселесі көтерілген кезде, осындай халықаралық тәжірибе қазақстандық футболдың еуропалық үлкен футбол кеңістігінің бір бөлігі болуға қабілетті екенін дәлелдейтін аргументтердің бірі болды.
Ал 1999 жылғы 19 қарашада мұның бәрі енді ғана басталып жатқан еді. Павлодардың қар басқан Орталық стадионында «Ертіс» қарсылас қақпасына төрт гол соғып, Виктор Зубарев хет-трик жасады, ал алыстағы Бангладештен келген қонақтар қармен суретке түсіп жатты.