Мәжіліс депутаттары Павлодардағы реновация жұмыстарын бағалады

Мәжіліс депутаттары Павлодардағы реновация жұмыстарын бағалады
Фото: «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалдың баспасөз қызметі

Парламент мәжілісінің мүшелері жаңартылған мәдениет ошақтарының тыныс-тіршілігімен танысып, сала мамандарының түйткілді мәселелерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірге жұмыс сапарымен «AMANAT» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Вера Ким мен Жарқынбек Амантай келді. Мәжілісмендер жұмыс сапарын 2025 жылы күрделі жөндеуден өтіп, жаңғыртылған кітапханаларды аралаудан бастады.

Депутаттар М. Жаманбалинов атындағы Орталық балалар кітапханасы мен Орталық қалалық кітапхананың жұмысымен танысты. Аталған мекемелер бюджеттен тыс қаражат есебінен жаңартылып, бүгінде балалар мен жастарға арналған заманауи мәдени-ағартушылық кеңістіктерге айналған.

Жарқынбек Амантай Мемлекет басшысының жастарды қолдауға және мәдениетті дамытуға ерекше көңіл бөлетінін айта келе, бұл бағытта Павлодар облысында бірқатар нақты жобалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Депутат кітапханаларды жаңғырту ісі соның айқын дәлелі екенін, бүгінде олар тек кітап сақтайтын орын емес, қарым-қатынас жасауға, шығармашылықпен айналысуға және дамуға арналған ашық кеңістіктерге айналғанын атап өтті.

– Жаңартылған кітапханаларда жарық әрі кең залдар жасалып, балалар психологиясын ескере отырып заманауи мобильді жиһаз орнатылған. Атап айтқанда, сөрелер мен үстелдер оңай түрлендіріледі, жұмсақ дивандар мен еркін оқуға арналған аймақтар қарастырылған. Театрлық сабақтарға арналған бөлек бөлме дыбыс оқшаулау жүйесімен және әйнек қабырғамен жабдықталған, бұл кітапхананың жалпы атмосферасын бұзбай репетициялар мен шеберлік сабақтарын өткізуге мүмкіндік береді, – деді «AMANAT» партиясы облыстық филиалдың баспасөз қызметі.

Филиалда атап өткендей, қала әкімінің орынбасары Светлана Гладышева қаңтар айында көзі көрмейтін жандарға арналған облыстық кітапхананың күрделі жөндеуі аяқталатынын хабарлады. Сонымен қатар, облыс әкімінің қолдауымен өңірдегі тағы төрт кітапхананы реновациялау жоспарланған.

Депутаттар мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы мәселесіне де ерекше назар аударды. Мәжілісмендер еңбекақы деңгейінің жеткіліксіздігі мәселесі ел басшылығы мен партияға белгілі екенін, ол ең жоғары деңгейде көтеріліп, күн тәртібінде тұрғанын жеткізді. Вера Ким мұндай мәселелердің бірден шешілмейтінін, алайда нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізілетінін айтты.

Мәжілісмендердің өңірге жұмыс сапары жалғасуда.