Павлодарлық мектепте 150-ден астам оқушы ұлттық киімде сән көрсетіліміне шықты
Аталмыш іс-шараға 150-ге жуық мектеп оқушысы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аманжол Шәмкенов атындағы лицей-мектебі ұлттық киім күніне орай «Наурызнама» атты сәнді-дефиле ұйымдастырды. Оған бастауыш сынып оқушылары қатысты. Іс-шараның мақсаты – ұлттық нақыштағы киімдерді кеңінен әрі ерекше насихаттау.
– Ұлттық киім – дәстүрге адалдық пен сыртқы әлемге ашықтықты үйлесімді үйлестіретін ерекше құбылыс, ұзақ тарихи жолдың нәтижесі. Бүгінгі іс-шарада қазақ мәдениетінің тамаша үлгілері ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар, аксессуарлар назарларыңызға ұсынылып отыр. Бұл – мектеп ұжымы мен ата-аналармен бірлесе ұйымдастырылған ұлттық киімдер шеруі, – дейді бастауыш сынып ұстазы Амангүл Санатқызы.
Сондай-ақ, бастауыш сынып мұғалімдерінің бірі оқушыларына ұлттық киімдерді өзі тіккен.
– Жыл сайын наурыз мерекесін өзгерістермен қарсы алғымыз келеді. Оқушыларыма арнап, ұлттық нақыштағы киімдерді тіктім. Балаларға ерекше ұнады, – деп бөлісті бастауыш сыныбының мұғалімі, тігінші Баян Нұржанова.
Оның айтуынша, оқушылар ұлттық киімдерді күнделікті сабаққа киіп жүреді. Сонымен қатар, ұстаз бос уақытта балалардың киімдерін тігумен айналысады.
Қатысушылар қазақ халқының таңғажайып әсем әшекейлері, шапандары, кемпірқосақтың әр түсті тастарымен таң қалдыратын камзолдар, ұлдарға арналған тұтас жилеттер, қыздарға арналған қызықты корсеттермен сән көрсетті. Ұлттық киім-кешек төл мәдениетіміздің көрінісі ғана емес, ерекше стильдің сипатын білдіреді.
Айта кетейік, аталмыш іс-шара Наурыз мерекесінің онкүндігіне орай өткізілді.